12 қаң, 2018 сағат 16:56

Оралда екі баланың анасын қағып өлтірген кәсіпкер түрмеден құтылып кетті

Екі баланың анасын қағып өлтірген Toyota Land Cruiser жүргізушісі Александр Карагойшин үкім шыққан соң түрмеден босап шықты, деп хабарлады Орал қалалық сотының баспасөз қызметі.

Қылмыстық істің материалына сәйкес, Оралда Еуразия даңғылындағы жаяу жүргіншілер өткелінде Евгения Бондаренконы джип қағып кеткен. Судья Нәйля Жүнісова Карагойшинді екі жарым жылға шартты түрде соттады.

Орал қалалық соты мәлімдеуінше, бірнеше жағдай жүргізушінің жазасын жеңілдетуге себеп болған.

"Жасаған қылмысына шын жүректен өкініп отыр, сонымен қатар көршілері жағымды қырынан сипаттады, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы бар, материалдық және моральдық шығынды толығымен өтеді әрі жәбірленуші тараптың қоғамнан аластатпай жазалауды сұрауы себеп болды", — дейді сот өкілі Болат Имашев.

Сотқа дейінгі тергеу кезінде Карагойшин жәбірленушілерге 20 миллион теңге өтемақы төлеген.

Айта кетерлігі, Александр Карагойшин құрылыс компаниясына иелік етеді.