25 мам, 2020 сағат 11:31

Орал қаласында төрт емхана карантинге жабылды

Орал қаласында төрт емхана карантинге жабылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, Орал қалалық бас мемлекеттік санитарының қаулысына сәйкес №2, №3, №4 және №5 емханада уақытша карантин жарияланды. 

«Бұл мекемелерге коронавирус жұқтырған науқастар келіп, қызметіне жүгінген. Қазіргі уақытта залалсыздандыру жұмыстары толықтай жүргізілді. Емхана қызметкерлерінен алынған тест теріс нәтиже көрсеткен жағдайда аталған мекемелер қайта ашылатын болады. Дегенмен жедел жәрдем мекенжайлар бойынша қызмет жасай береді», деді Н.Мұстаев.

Облыста барлығы 93 ауру ошағы тіркеліп, науқастармен 1115 адамның, соның ішінде 597-сінің жақын байланыста болғаны анықталды.

Өңірде індетке қарсы күрес жалғасуда. Облыста 414 науқас анықталса, соның 377-сі Орал қаласының үлесіне тиеді.