04 сәу, 2020 сағат 07:15

ОПЕК мүшелері 6 сәуірде мұнай өндіруді азайту мәселесін талқылайды

Әзербайжанның энергетика министрі 6 сәуірде ОПЕК елдері мен ұйымға кірмейтін, бірақ шикізат туралы көпжақты келіссөздеріне қатысып жүрген мұнай өндіруші (ОПЕК+) елдердің телеконференциясы өтетінін мәлімдеді. Reuters-тің жазуынша, телеконференция туралы ақпарат тараса да, жиын туралы қосымша дерек аз. 

Соңғы аптада халықаралық нарықта мұнай бағасы сұраныстың азаюына байланысты бір баррелінің құны 65 доллардан 20 долларға дейін арзандады. Әлемде коронавирус пандемиясы тарады. Үш миллиардтан астам адам карантиндік жағдайда өмір сүріп жатыр. 

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Ресей басшысы Владимир Путин мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен телефонмен әңгімелескенін мәлімдеген. Reuters-тің жазуынша, Мәскеу мен Эр-Рияд мұнай өндіруді тәулігіне 10-15 млн баррельге дейін азайтуға келіскен-мыс.

Дегенмен Халықаралық энергетика агенттігі мұнай өндірісін тәулігіне 10 миллион баррельге дейін азайту мұнайға сұраныс күрт азайған шақта мәселені шеше алмайды деп санайды. Агенттік жетекшісі Фатих Бироптың пікірінше, шикізат өндіруді азайтудың салдарынан екінші тоқсанда әлемде мұнай қоры артып, күніне 15 млн баррель өндіруге тура келеді. 

Наурыз айының басында Мәскеу мен Эр-Рияд шикізат өндірісін азайту туралы келісе алмағаннан кейін халықаралық нарықта мұнай бағасы күрт арзандаған еді.