22 қыр, 2017 сағат 08:33

Оңтүстіктің еңбекші жастары арасында спартакиада өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында еңбекші жастар арасында спартакиада өтті. Леңгір қаласының орталық стадионында ұйымдастырылған сайысқа аймақтың ірі кәсіпорындарында жұмыс істейтін 18-29 жасқа дейінгі қыз-жігіттер қатысып, спорттың бес түрінен өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Еңбекші жастар - болашаққа жол бастар!» атты облыстық спартакиада ҚР Президентінің  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту, жұмысшы мамандықтарды насихаттау мен еңбек жастары арасында достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Шағын футбол, волейбол, баскетбол, үстел тенисі, суда жүзу бойынша ұйымдастырылған спартакиадаға 9 команда қатысты.

Барлық команда мүшелері жарысқа жақсы дайындықпен келіп,  белсенді түрде қатысты. Әсіресе спартакиада ұйымдастырылып жатқан Төлеби ауданының жастары өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілсе,  аталған ауданының спортшы жастары стол теннисінен бас жүлдені жеңіп алды. Команда мүшелеріне 200 мың теңге мен арнайы диплом табыс етілді.

Сонымен қатар, ауданның спортшылары баскетбол бойынша да бас жүлдені жеңіп, 200 мың теңгені иеленді. Шағын футболдан 3-орын алып, 75 мың теңгемен марапатталды.

Ал, Леңгір қаласының спортшылары баскетболдан 3-орынға ие болып, 75 мың теңге ұтып алды.