13 нау, 2018 сағат 14:07

Оңтүстікке қатысты әзілдердің авторы да оңтүстіктің өзі

Ж.Қорғасбектің жеке пікірі

«Жаңғақ талда» оңтүстіктің мінезі түсі оңып кеткен көйлектей етіп көрсетіліпті

«Қазақстан жер аумағы жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орында тұрмыз» деген тіркесті бала күнімізден жаттап өстік. Бірақ кей өңірлерде орысша сөз көбірек араласып кеткені болмаса, еліміздің қай түкпірінде болса да тілдік айырмашылық жоқ есепті. Мәтелдеп айтсақ, тіл мінезге тартады, мінез – тілге. Десе де әр өңірдің өзіне тән қайталанбас ерекшелігі де бар. Оңтүстік жағымыз дәстүрге де, тілге де, мінезге де бай. Осы салалардың қай-қайсының да бояуы қанық. «Жақсының артынан сөз ереді» демекші, оңтүстікке қатысты әзіл-қалжың да жиі айтылатыны себепсіз емес. Шындығында мұндай әңгімелердің авторы да сол оңтүстіктің өзі екеніне мән бере бермейміз. Француздардың «Өзіне өзі күлген халық – ұлы халық» деген тәмсілін ретімен айта кетсек, артығы жоқ шығар. Өнер атаулы ұлттық колоритке зәру болғандықтан, бұл жағынан кейде оңтүстікке арқа сүйегіміз келеді. «Жаңғақ тал» Оңтүстікте түсірілді» дегенді естіп және осы анықтамаға мән бере айтылғанына қарап, көрмей жатып ішіміз жылып қалғаны содан. Оңтүстік Қазақстанда түсіріліп, Оңтүстік Кореядағы халықаралық кинофестивальде бас жүлдеге ие болып та үлгеріпті. Бірақ бір көріп, екі көргеннен кейін-ақ бұл киномыз да ішкі мазмұнындағы жұпынылығын байқатып алды. Әсіресе әлгі айтқан бай мінездерімізді құлпыртып, ашып жібере алмағанына қарнымыз ашты. Оның орнына түсі оңып кеткен көйлектей етіп, жеңіл-желпі көріністермен көбірек алдандырғысы келгені ұнамады. Біздің бағамдауымызша, оның басқа да фильмдерімізге ортақ бірнеше себебі бар. Біз мақаламызда сол кемшіліктерді бас-басымен атап көрсетуді мақсат тұттық.

Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ тал» атты фильмі тартымды көріністермен басталған. Кенет қасымыздағы бес-алты жастағы бір бала: «Ана қыз шемішкенің үстіне отырып алыпты!» деп айғай салды. Кинокартинада үлкендер күнбағыс дәндерін желмен ұшырып, қоқым-соқымнан тазарғандарын кенепке жайып кептіріп жатқан еді. Сол тұста он жастар шамасындағы бір қыздың желең көйлегімен күнбағыс дәндерінің үстінде отырған көрінісі көз алдымызға тосыла қалған. Соны көрген әлгі баланың айғайы «өрт шықты» дегендей жанұшырып естілді.

Біреу мән беріп, біреу мән бермеген болар. Кейбіреулерге тіпті үйреншікті нәрсе сияқты көрінген шығар. Себебі, шарап өндіретін елдерде жүзімді жасы балиғатқа толмаған қыз балаларға жалаңаяқ езгілетеді екен деседі. Шарабы шарап қой, бірақ тамақтан өтетін нәрсенің аяқ астында жатқаны қазақ баласы үшін өте өрескел. Өйткені олар титтей күндерінен бастап, «баспа, шашпа, былғама, рәсуә қылма» деген тыйым сөздерді құлақтарына құйып өседі.

Міне, осы бір ғана детальдің төңірегінде біраз пікір таластыруға болады. Кино қазақтың қайнаған ортасындағы қазақы өмірді көрсетуге арналған. Авторлық фильм болғандықтан, былайғы көпшілік аса түсіне бермейтін әдіс-тәсілдерді де қолданған тәрізі бар. Бір қарасаң юмор, бір қарасаң сатира, енді бір қарасаң мөп-мөлдір мелодрама. Бір жері италияның, бір жері грузиндердің, жылт еткен тұстары не өзбектің, не қырғыздың киносына ұқсап кететіндей ме, қалай? Бірақ, неге екені белгісіз, мұнда қазақтың әрекеті бар болғанымен, мінезі жоққа тән.

Бұл нені білдіреді? Бұл қазақ кино мектебінің тамырынан ажырап бара жатқанын білдіреді. Мейлі, қанша шебер түсірсең де, іштен шықпағаны байқалып тұрады. Қазақтың режиссері түсіргенмен, қазақтың киносы деп айтуға қиналасың. Түрі қазақ, сөзі қазақ кейіпкерлердің бойына басқа бір ұлттың адамдарының мінездерін әкеп жапсырғандай жасандылық көзге ұрып тұрады.

«Жаңғақ тал» түрлі сюжеттердің басын біріктірген кино. Десе де негізгі линия қыз алып қашудан басталады. Мұндай оқиға біздің жас күндерімізде де болған. Алып қашып келген қызды туыстары қайтып әкетіп қалып, жігіт намыстанып ит әлегімізді шығарған. Ал мына кинода оқиға құдды сол шарап өндіретін елдердің бірінде өтіп жатқандай құрастырылады. Жігіт қызды басып әкетіп бара жатқан көліктің артынан тәмам жұрттың көзінше табаны ағараңдап, телмеңдеп жаяу жүгіріп бара жатады.

Бұл жерде қазақтың баласы намысшыл деп кеуде соқпай-ақ қоялық. Бірақ менталитет басқа екенін ажыратпайтын көрсоқыр емеспіз.

Бәлкім, авторлық фильм болғандықтан, әдейі солай жасалған шығар. Режиссер оқиғаны әсірелеп көрсеткісі келген болар. Кейіпкердің әрекетіне сарказммен қараған түрі болуы да мүмкін. Бұл драма емес дегеннің өзінде, менталитетте жоқ нәрсе көкейге бәрібір қоныңқырамайды.Соңғы кезде бір байқағанымыз, кейбір кинорежиссерлер деталь ойнатуға құмар болып алды. Сүйекті сюжет, сом идея болмағаннан кейін де солай істейтін секілді. Жекелеген детальдар мен эпизодтарды алға шығарып, көңіл алдартқысы келетіндей. Кесек мінездер мен ірі образдардан әдейі қашатындай. Соның салдарынан скетч пен ситкомға ғана лайық сахналық көріністер үлкен киномен мидай араласып кетіп жатыр.

«Жаңғақ талда» да құдалар келгенде жастар жағына: «Сендер үйге сыймайсыңдар, даладан ішіңдер», – дегендегі көріністі де әжептәуір дүние сияқтандырып көрсетеді. Шын мәнінде мұндай ұсақ-түйектер уақыт бөліп, мән беріп көрсете қоятын нәрселер емес. Өмірдің өз заңдылығымен өтіп жатқан елеусіз жайттар. Фильмнің кей тұстары қазіргі сатира театрлары қойып жүрген арзанқол көріністерге ұқсап кететіні осыдан. Грузиндердің комедиялық киноларында мазақтама сияқты нәрселер мүлдем жоқ. Комедия болса да адамдарының мәрттігін көбірек көрсетуімен ерекшеленеді. Ал бізде еңсеңді басып, намысыңды таптап жібереді. Кино көріп болған соң түсініксіз бір дүбәра күйге түсесің. «Жаңғақ тал» деген аты қандай жып-жылы, оңтүстіктегі қазақы ауылдардың көріністері қандай етене. Ұзын сырықпен тарсылдатып, жаңғақ ағашының бұталарын қағып жатқаны да соншалықты таңсық. Бірақ кейіпкерлері қоқайып-соқайып, біртүрлі жатсындырып тұрады.

Рас, бұл кино комедия деп аталғанмен, карикатуралық сипатының басым екені байқалады. Осындай стильдің жанр табиғатына байланысты таңдалғанын ішің сезеді. Актерлардың сахнадағыдай жартыкеш ойыны соны жеріне жеткізе алмай діңкелетеді. Жалпы, театр мен кинода қатар ашылып ойнай алатын Нұрмұхан Жантөрин, Қасым Жәкібаев, Әнуарбек Боранбаев,

Досхан Жолжақсынов сынды актерлар сирек. Кәсіби актерлардың орнына, әуесқой біреулерді ойнату да қазақ киносындағы келеңсіздіктердің бірі екенін жұрттың бәрі айтып жүр. Осы сын «Жаңғақ талға» да қатысты дер едік.

«Жаңғақ талда» режиссердің кәсіби шеберлігі жоғары екені бірден білінеді. Кинокартинаның композициялық құрылымы шебер құрылған. Туыстары қызды алып кеткеннен кейін келесі эпизодта екі жастың той қамымен жарқ етіп шыға келуі фильмнің динамикасын күшейтіп тұр. Осындай көріністер көрерменді бір селт еткізіп, серпілтіп тастайды. Обалы не керек, мұндай эпизодтар фильмде жоқ емес, бар. Құранды көріністер сияқты көрінгенмен, фильмнің тұтастығына нұқсан келмейді. Бір жалықпай көріп шығуға болады. Кейбір тұстары қайталап көріп, қызықтап та жүруге әбден жарайды. Алайда…

Жанымызға жақын тартқан осы фильмде де қазақы таныммен қабыспайтын бір суррогаттық бар. Таныс өмірдің бояуы табиғат пен ауыл көріністерінде ғана сақталған. Ал адамдар өз жерінде емес, бөтен жерде жүргендей кібіртіктей береді. Режиссердің түпкі мақсаты сол болса, ол біршама орындалған шығар. Ұлт үшін өзіне өзі, тіпті болмаса өзінің кейбір әрекеттеріне күліп қараудың да пайдалы жақтары бар екенін мойындаймыз. Бірақ…

Өнердің қай саласы болса да басты ұстаным болатын үш қағида ұмытылмауға тиіс. Ол автордың өзіне өзі сенімділігі, туындысының көкейге қонатындай нанымдылығы, көзбен көріп, қолмен ұстағандай шынайылығы. Осы үштаған болмаған жерде шығармадағы балаңдық менмұндалап тұрады. Әсіресе ұлттың өмірін, тұрмысын, дәстүрін көрсеткен жерде турасын айтқанда, «атасының басымен ойнағандай» жеңілтектікке ұрынып қалып жатады. Соңғы кезде сатира театрларындағы осы келеңсіздік үлкен экранға көше бастаған секілді көрінеді.

Жоқ, мәселе жалғыз «Жаңғақ тал» мен оның авторында ғана емес. Патриоттық, плакаттық, пафостық дүние жасамадың деуден де аулақпыз. Өрісімізді кеңейтсек деген жаңашылдыққа да қолдау білдірмей тағы болмайды. Тек «түсірген киноларымыз неге өміршең емес?» деген сұрақ жоғарыдағы әңгімені еріксіз айтқызып отыр. Қысқасы, бір үмітіміз «Жаңғақ талда» еді, ол да біздің жанымызды жұбата алмады. Осылайша «өз киномызды өзіміз сүймей кетеміз бе?» деген қорқыныш барын несіне жасырамыз?

Сөз түйінін айтсақ, қазір өнер адамына шектеу жоқ. Бірақ, режиссерлерімізге төмендегідей талап қоюға әбден болады. Біріншіден, қазақ киносының әуесқойлықтан арылғаны жөн. Екіншіден, қазақ киносында кәсіби актерлар ойнауы керек. Үшіншіден, тағдырлы фильмдер түсіруге бейімделген жөн. Төртіншіден, дәстүр мен менталитеттен сабақ алған артықтық етпейді. Бесіншіден, кинематографияда үлкен дауға айналып келе жатқан плагиаттыққа жол берілмеуге тиіс. Қазақ киносы сонда ғана көктеп-көгереді деп нық сеніммен айта аламыз.

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2018