24 жел, 2018 сағат 14:56

Оңтүстік Кореяға жұмысқа аттанған қазақстандықтар Отанына оралуда - ҚР СІМ

Оңтүстік Кореяға жұмысқа аттанған қазақстандықтар Отанына қайтып жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ведомстоның ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БАҚ-тың көмегімен біздің азаматтарға біраз ақпарат жеткізілді. Қуаныштысы, көбі қайтып жатыр. Наурыз айының соңына дейін «Жасыл дәліз» шарасы жалғасады. Сондықтан күтудеміз. Нақты қанша азаматтың елге оралғаны туралы ақпарат әлі келіп түскен жоқ. Жылдың соңына таман Корея Үкіметімен бірге біз оны түгендейміз. Содан кейін БАҚ-қа жария етеміз», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек, Айбек Смадияров қазан айының ортасында Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргендер Қазақстанға еш кедергісіз орала алатынын мәлім еткен болатын.

Қазан айында ҚР СІМ консулдығының ақпаратына сәйкес, Оңтүстік Кореяда қазіргі таңда 19 мың қазақстандық ресми түрде тіркелген, шамамен 12 мыңға жуық қазақстандық заңсыз түрде жүргені айтылған.

Оңтүстік Корея үкіметі «Жасыл дәліз» іс-шарасын бастаған. Сол акцияға сәйкес, осы жылдың 1 қазанынан бастап келесі жылдың 31 наурызына дейін Корея аумағында жұмыс істеп заңсыз жүрген азаматтар өз еркімен елдеріне қайтатын болса, ешқандай айыппұлға ілікпейді. Ал егер оны қолданбай, күшейтілген рейдтердің қолдарына түссе, онда 6,5 млн теңге айыппұл арқалап, ол азаматқа он жыл мерзімге Кореяға кіруге тыйым салынады.