29 мау, 2019 сағат 09:47

Оңтүстік Кореядағы өзбек мигранттары Өзбекстанға 34,4 миллион доллар ақша жіберген

2019 жылдың алғашқы төрт айында Оңтүстік Кореядан Өзбекстанға 34,4 миллион доллар ақша жіберілген. Бұл 2018 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға артық. Бұл ақпаратты Өзбекстанның орталық банкі хабарлады, деп жазады Азаттық.

Соңғы жылдары Кореядан Өзбекстанға жіберілген қаржы көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. 2016 жылы Өзбекстанға Кореядан - 49 миллион доллар, 2017 - 64,4, 2018 - 108,3 миллион доллар аударылған.

Оңтүстік Корея Орталық Азияның еңбек мигранттары көп баратын елдер қатарына кіріп отыр. Оңтүстік Кореяның көші-қон қызметінің дерегінше, 2017 жылғы елде 62 мыңнан астам өзбек азаматы болған. Бұл елде Орталық Азия елдерінен барған еңбек мигранттары қатарында қазақстандықтар да бар.

Өткен жылы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда ресми тіркеліп жұмыс істеуге немесе басқа да себеппен, емделуге, туризм және оқуға барған 19 мың қазақстандық бар екенін хабарлаған. Бұған қоса, 12 мың қазақстандықтың заңсыз жүргенін мәлімдеген.