13 қаң, 2020 сағат 15:48

Оңтүстік Кореяда сотталған қазақстандық апелляцияға берді

Оңтүстік Кореяда сотталған қазақстандық сотқа апелляция берді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кішкентай баланы қағып кету айыбы тағылған азаматымызды 2,5 жылға абақтыға қамау туралы үкім шыққан. Қазіргі уақытта ол өз құқығын пайдаланып, апелляцияға берді. Яғни, оның қорғаушысы барлық құжаттарды дайындап, 7 күннің ішінде беруі тиіс болатын. Бүгінде олар бұл шешімді қайта қарау туралы апелляция берді», - деді Айбек Смадияров БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, кейбір БАҚ-та жарияланған «қазақстандық азамат шамамен 50 мың доллар көлемінде айыппұл төлеуі тиіс» делінген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл сома сот барысында қаланы емдеуге кеткен шығын ретінде айтылған.

«Өзге қаржылай айыппұл жайында сөз болған емес»,- деді ресми өкіл.

Еске салсақ, жол апаты былтыр 16 қыркүйекте болды.

Кейін ҚР Сыртқы істер министрлігің ресми өкілі Айбек Смадияров баланы қаққан 20 жастағы қазақстандық Павлодарда жүргенін мәлім етті. Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандық Сырым Шәрібек екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.