26 ақп, 2020 сағат 16:48

Оңтүстік Кореяда шорт-тректен әлем чемпионаты өтпейтін болды

Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында 13-15 наурыз күндеріне жоспарланған шорт-тректен әлем чемпионаты өтпейтін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұған себеп – елде коронавирустың өршуі. Сеулдің ресми түрде біріншіліктен бас тартқаны туралы Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы да (ISU) растап отыр.

«ISU Сеулдегі коронавирусқа қатысты жағдайды үнемі бақылауда ұстап, ең соңына дейін жақсылықтан үміттенгенін мәлімдеді. Алайда Оңтүстік Кореяның конькимен жүгірушілер одағы Сеулдегі құзырлы органдардың жарыс өтуі тиіс Мокдонг мұз айдыны сарайын жауып, жоспарланған іс-шараларады толығымен кейінге шегергенін жария етті. Осыған байланысты, шорт-тректен 13-15 наурыз аралығында өтуі тиіс әлем чемпионаты белгісіз мерзімге кейінге қалды. Әзірге, әлемдік доданың нақты қашан және қайда өтетіні анықталған жоқ», - делінген ақпаратта.

Еске салайық, Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны 1 146 адамға жетті.

Ал аталмыш инфекция шыққан Қытай елінде соңғы мәліметтер бойынша 78 064 адам вирусқа шалдыққан, 2 715 адам көз жұмды.