#
#
Бейсенбі 18/10/2018

"Он алты қыз" (фильмнің толық нұсқасы)

  • 20.04.2017
  • 0
  • 7218

Бұл – Қанағат Мұстафиннің екінші толықметражды фильмі. 2010 жылы режиссердің спорт тақырыбындағы «Рывок» атты дебюті жарыққа шыққан болатын. Екі фильмнің арасында Мұстафин «Қара шаңырақ», «Өмір сынағы», «Айналайын» сериалдарын түсірді.

Комедияның бюджеті 400 мың доллардан асады (2014 жылы доллардың бағамы 180 теңгеден сәл жоғары болатын). Басты рөлдерде Берік Айтжанов, Аша Матай және Әнуар Нұрпейісовтер ойнаған. «Неліктен көрерменге бұрыннан жақсы таныс әртістерді таңдадыңыз?» деген сұраққа режиссер «әртістік шеберліктерін жақсы білгендіктен, сценарийді осы үшеуіне арнап жаздым» деп жауап қатты.

Фильм желісінде жасы отыздан асқан жалғыз ұлын үйлендіруді армандайтын ата-ананың хикаясы баяндалады. Хикаяда қазақтың ежелден келе жатқан «бел құда» салты көрініс береді. Болат Әбділманов, Ғани Құлжанов, Қарагөз Тілеубекова, Жомарт Зейнәбіл, Данагүл Темірсұлтанова, Азат Сейтметов, Райхан Халиолдина сынды тісқаққан театр және кино әртістері комедияның бояуының қанық болуына үлес қосқан.

Асхат Маемиров, «Қазақ әуендері» АҚ президенті:

– Қанағат «16 қыз» арқылы ауыл мен қала болмысының арасындағы қайшылықты жоюға тырысыпты. Сондай-ақ, қазақтың «бел құда» деген дәстүрін әдемі жеткізе білген екен. Сюжетті аяғына дейін нанымды алып шықты. Режиссер ата-ананың үмітін ақтау бала үшін ең басты құндылық екенін көрсетті. Фильмде негізгі салмақ Берік Айтжановқа түскен. Берік комедиялық бейнені жақсы алып шықты деп есептеймін.

Шығарманың өн бойында Шәкен Аймановты ұлықтау процесі жүріп отырды. Сол сәт маған Қанағат секілді жас буын ұлы режиссердің алдында тағзым еткендей әсер етті. Фильмнен Шәкен ағаның эстетикасы сезіліп тұрды. Қанағат осы туындысы арқылы «қазіргі жас режиссерлер қазақтың ұлттық юморын, ұлттық мінезін түсінбейді» деген пікірді жоққа шығарды. Мұнда Аймановтың "Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» фильмдерімен үндестік бар.

Ал, кемшіліктерге келер болсақ, аудармада біздің сөздік оралымға келмейтін 6-7 сөзді байқап қалдым. Бұл қателікті жөндеуге болады деп ойлаймын.

Теги: Он алты қыз, фильм, қазақ киносы, кино, Қанағат Мұстафин, Берік Айтжанов, Аша Матай

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар