24 сәу, 2018 сағат 14:12

Өмірзақ Шөкеев пен Дәурен Абаев «Нұр Отанда» азаматтарды жеке қабылдайды

Бірқатар министрлер, депутаттар мен Ұлттық банктің өкілдері мамыр айында «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында азаматтармен жеке жүздесетін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, Ақпарат және коммуникациялар министі Дәурен Абаев, Әділет министрі Марат Бекетаев және Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Астанадағы партиялық алаңда мамыр айында азаматтарды қабылдайтын болады», - делінген партияның баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен бірге, шағымды қабылдап, тиісті көмек көрсету үшін партия «Нұр Отан» фракциясы атынан сегіз Мәжіліс депутатын, екі вице-министрді (ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жакупова), Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасарын, ҚР Ұлттық банкі ішкі коммуникация және қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғау бойынша басқарма басшысының орынбасары Иман Әл-Кейсиді шақырып отыр. Сонымен бірге, партияның хатшылары Ғабидолла Әбдірахимов пен Қаныбек Жұмашев азаматтарды қабылдайтын болады.

Бұған қоса, 24 мамыр күні партиялықтар «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында ҚР әскери мемлекеттік органдары басшыларының азаматтарды қабылдауын ұйымдастырады.