11 қыр, 2019 сағат 10:29

"Өмір бақи бас бостандығынан айырылады": елімізде жаңа заң әзірленіп жатыр

Бас прокуратура аса ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейтуге арналған жоспарды жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде арнайы заң жобасы әзірленді. Осы құжатта аса ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейтуге қатысты нақты өзгерістер мен толықтырулар бар.

"Мәселен, сексуалды сипаттағы зорлау фактілері ауыр қылмыстардың санатына енгізілетін болады. Балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы барлық қылмыстар үшін жаза күшейтіледі. Ал жас балаға қатысты зорлау әрекеті үшін өмір бақи бас бостандығынан айыру немесе 20 жылдан кем емес уақытқа бас бостандығынан айыру жазасы болады", - деді Ахметжанов астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінгі заңнамада сыбайлас жемқорлық және терроризм әрекеті туралы хабар бермегені үшін жауапкершілік қарастырылған. Енді, кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлау фактісін жасыру және педофилияның ауыр фактілері туралы хабар бермеу үшін жаза болады. Оны ауыр қылмыстар санатына қосады.

"Ондай заң бұзушылықтар үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз, балаларға арналған мекемелердің басшылары және қызметкерлері баланы зорлау фактісін жасырса, жауапқа тартылады. Тура сондай жаза баланың ата-анасына және асыраушысына да қолданылады", - деді Ахметжанов.