25 сәу, 2019 сағат 10:21

Омбы мектебінде қазақ мәдени орталығы ашылады

Ертіс ауданы педагогтарының бір тобы Ресей Федерациясы Омбы қаласының мектептерін аралады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Аудандық білім беру бөлімінің берген ақпаратына сәйкес, сапар халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асқан.

«Ертіс ауданының Северный жалпы орта мектебі Ресейдің Омбы қаласының мектептерімен 15 жыл бойы тығыз қарым-қатынас орнатқан, - деп мәлім етті аудандық білім беру бөлімі. - Л.Полищук атындағы №97 мектепте болғанда тараптар бірқатар келісімдерге қол жеткізді. Соның нәтижесінде мектеп ішінде қазақ мәдени орталығын ашу жөніндегі меморандумға қол қойылды». 

Меморандумға Л.Полищук атындағы №97 мектеп директоры Ольга Мальцева мен Северный жалпы орта мектебінің директоры Нығман Жүсіпов қол қойды. Құжатқа сәйкес, Ертіс ауданы мен Омбы облысының шекаралас мектептерінің желілік қоғамдастығын кеңейту жоспарланған.

Кездесу соңында Ертіс аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қадырова Омбының №97 мектебі оқушыларына «Қазақ хандығы» зияткерлік ойнын сыйға тартты. Сол арқылы омбылық жас жеткіншектер ойын әдісімен қазақ мәдениетімен таныса алады.