02 жел, 2016 сағат 11:40

Олжас Құдайбергенов: «Самұрық-Қазына» трансформациясын әр-түрлі түсінуге болады, бірақ өзгерістері айқын

Еліміздің ең ірі ұлттық компаниялары бизнес трансформациясы кезеңінен өтуде. Макроэкономика сарапшысы Олжас Құдайбергенов депутаттар мен  журналистерге үдерістер бойынша өз пайымдауларын білдірді.

«Жалпы алғанда, трансформация бойынша да, «Самұрық-Қазына» туралы да, сын немесе жақсы нәрселер айтылуы мүмкін. Әр компанияның өз қателіктері болады. Соңғы 5-6 жылда осы компаниялардың хал-ахуалын жеткілікті дәрежеде білемін, оның ішінде қаржылық жағдайдан да хабардармын, сондықтан-да, кейбір өзгерістердің келе жатқанын айтуым керек. Еншілес құрылымдарында да ахуал өзгеруде, құрылымдардағы буындар саны қысқартылуда», - дейді Құдайбергенов.

 «Самұрық-Қазына» басшылығы мәлімдегендей, трансформация аясында қор құрылымы мен оның еншілес компаниялары толықтай өзгертіледі. Корпоративтік орталықтың өзі де ықшамдала түседі, басқару деңгейлері төртке дейін, басқарушы директорлар саны он алтыдан тоғызға дейін қысқартылды, ал кадрлық құрам 40 пайызға жаңартылды. Ал қор тобына кіретін ұлттық компаниялар тігінен интеграцияланған болуы керек, және  бас компания мен өндіріс арасындағы барлық артық буындар қысқартылуы қажет.

«Мәселе барлық субхолдингтер туралы болып тұр, олар «ҚМГ қайта өңдеу және маркетинг», «ҚазТрансГаз». «ҚазТрансОйл» өндірістік компания ретінде қалады, бірақ стратегиялық функциялары «ҚазМұнайГаз» бас компаниясына берілетін болады», - деп «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ басшысы Сауат Мыңбаев журналистерге мәлімдеді. Сонымен қатар, қысқартулар тек әкімшілік-басқарушы қызметкерлерге ғана әсер ететіндігін компанияда уәде етуде.

Қордың кадрлық саясатындағы өзгерістер лауазымдарға қойылатын талаптар мен қызметкерлерді іріктеу жүйесіне әсер етті. Ол анағұрлым ашығырақ бола түсті, қордың бос орындары веб-сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Олжас Құдайбергенов «Самұрық-Қазына» Сарапшылар кеңесінде сөйлеген сөзінде жаңа ережелерге баға берді.

«Қазақстан - шағын ел, «Самұрыққа» жұмысқа орналасу процессі  туралы өте көп адамның пікірлеріне қарап, оң көзқарас білдіргендердің саны теріс пікірдегілерден басымырақ деген жанама байлам жасай аламын. Жалпы алғанда, трансформация бағдарламасының өзі «Самұрық-Қазынадағы» барлық өзгерістерге жағымды үн қосады», - деді сарапшы.

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында трансформация 2014 жылдың соңында басталды. Осы уақыт ішінде қор және оның құрамына кіретін ұлттық компаниялардың операциялық моделдері мен ұйымдық құрылымдары қайта қаралды. Үстіміздегі жылдың қараша айында Қазатомөнеркәсіп пен Қазпоштаның трансформация жобасының портфельдері мақұлданды. ҚТЖ, ҚМГ, «Самұрық-Энерго» және «KEGOC» жобаларының портфельдері 2016 жылдың соңына дейін бекітілетін болады.

«Самұрық-Қазына» өкілдерінің айтуынша,  елдгі ЖІӨ үшін трансформациялаудан келетін сандық және сапалық пайданың экономикалық тиімділігі алдын-ала бағалаулар бойынша, алдағы бес жылда қаржылық тұрғыдан алғанда 1 трлн астам теңгені құрайды.