#
#
Бейсенбі 18/10/2018

Өлкесін сүйген өрендер

  • 28.09.2017
  • 0
  • 760

Мынау өмірде туған өлкесін сүймейтін жан бар ма екен? Отанға деген ұлы махаббат туған өлкеңді сүюден басталмай ма? Осы орайда Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйытқы болуымен қыркүйек айының 18-28 аралығында жас өлкетанушылар мен туристердің «Менің Отаным - Қазақстан» атты облыстық слеті өтуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өтіп жатқан шараға аймақтағы жалпы білім беретін мектептердің жүзден астам 8-10 сынып оқушылары қатысуда. 

Журналистерге таратылған баспасөз хабарламасында «слеттің мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің туризмін және өлкетануды дамыту, оқушылардың туристік икемділігі мен дағдыларын, экологиялық мәдениетін қалыптастыру, Шығыс Қазақстанның географиялық орналасқан жері, табиғаты мен мәдениеті жөніндегі білімдерін кеңейту, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу» деп көрсетіліпті. Осынау шара аясында 100-ден астам 15-16 жастағы жоғарғы сынып оқушылары ғылыми жетекшілердің, нұсқаушылар мен кәсіби гидтердің жетекшілігімен көшпенділерге мекен болған Берел, Шілікті, Ақбауыр, Аблайкит секілді киелі жерлерге барып, облыс орталығындағы ірі өнеркәсіп орындарын аралады. Жас туристер «Вороний камень» тауына шығып, тіпті Ертіс өзенімен рафтингпен жүзіп өтті. Сонымен қатар, оқушылар картографиялық материалдармен жұмыс істеу қабілеттерін жетілдіріп, «Туризм және спорттық бағдарлау» ойыны арқылы жерді бағдарлау әдісін игеруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, экспедиция нәтижесінде оқушылар зерттеу жобаларын қорғап, шеберлік сыныптарына, байқаулар мен оқу сабақтарына қатысты. 

Тауға жаяу шықтық

Осы орайда «Вороний камень» тауына жас туристермен бірге біз де жаяу көтеріліп, туған жердің әсем табиғатын тамашалаған болатынбыз. Таулы Үлбідегі «Дарын» демалыс базасына барғанымызда, 26 адамнан тұратын бір топ шағын автобустарға отырып, Ертіс өзені бойымен рафтингпен жүзуге аттанып бара жатты. Ал екінші топтың алдына қойған мақсаты – Глубокое ауданы аумағындағы «Вороний камень» тауына жаяу көтерілу. Бастапқыда бізді де белгілі бір жерге дейін көлікпен апаратын шығар деп ойладық. Бірақ олай болмады. Рюкзак арқалаған жас туристер «Дарын» лагерінен жоғары жаяу шығып «Вороний камень» тауын бетке алған. Алғашқы 500 метр жерді жүріп өткеннен кейін-ақ биік жартастарға тап болдық. Тура жанынан Үлбі өзені үлбіреп ағып жатыр. Жартастан аяғың сәл тайып кетсе, суға күмп ете түсерің сөзсіз. Десе де бұл сынақтан жасөспірімдердің ешқайсысы сүрінбеді. Жол бойындағы ауылдар мен демалыс лагерьлері де керемет! Қ.Сәтпаев лагері аумағынан асқаннан соң, таулы, тасты жерлер басталып кетті. Біресе өрге көтерілеміз, біресе төмен құлдилаймыз. Тіпті, жан-жағыңдағы әдемі табиғатқа дұрыстап зер салып, сүйсініп қарауға да уақыт жоқ. Аяғыңның астына қарамасаң, құлап қалуың, тіпті бір жеріңді мертіктіріп алуың әбден мүмкін. Оның үстіне топқа ілесіп отыруың керек. Кейбір жас туристер инструктор мен тәлімгерлерінен «Әлі көп жүреміз бе?» деп сұрап қояды. Тіпті, бір кезде кейбіреулері «қарным ашты» деп қыңқылдай бастады. Бір кезде Таулы Үлбінің ең биігіне көтерілдік. Биікке шығып алғанымызбен, төмен түскені әжептәуір күш екен. Көпшілігіміз арнайы арқан мен инструктордың көмегінің арқасында әзер төменге түстік-ау. Бұл кезде сағат түскі он екіге жақындаған болатын. Таудан түскен соң, жас туристер өзеннің жағасына жайғасып, демдерін алып, рюкзактарынан таңғы астарын шығарып, жүрек жалғауға кірісті. Қалбырдағы таңғы ас та, отқа қайнатқан шай да ерекше дәмді. Бір кезде тау туризмі бойынша нұсқаушының бірі Константин Кашпырев рюкзагынан құмыра тәріздес аспапты алып, әлдебір әуенді ойнай бастады. Жаңа ғана тұнжырап тұрған табиғат ұйқысынан оянып, селт ете қалғандай. Бұрын-соңды мұндай аспапты көрмеген балалар Константиннің қасына жүгіріп барып, қызықтап қарап тұр. Сөйтсе, бұл арабтардың «дарбука» деп аталатын аспабы көрінеді. 

- Бұл аспапта ойнап үйреніп жүргеніме екі-үш ай ғана болды. Өскемендегі Металлургтердің сарайында арнайы үйірме бар, - дейді Константин. 
Жалпы, Константинді тау туризмі бойынша кәсіби инструктор деп айтуға әбден болады. Ол оқушы кезіненде-ақ тау туризмінің қыр-сырын үйренуге ден қойыпты. Бұл туралы оның өзі: 

- Біз мектепте оқып жүргенімізде «Следопыт» атты аула клубы болды. Оны «Машзавод» дейтін ірі кәсіпорын қаржыландырып, демеуші болатын. Туризмнің, оның ішінде тау туризмінің жай-жапсарын сол жерден үйрендім. Жиі тауға шығатын едік. Өкінішке қарай, қазір ол аула клубы әлдеқашан жабылып қалды, - дейді. 

Десе де, жастайынан қанға сіңген әдет есейгеннен соң да қалмайды екен. Тауға, табиғатқа деген махаббат оны осы кәсіпке алып келіпті. Тіпті қосымша медициналық курсты да тәмамдап алған. Тауға көтерілген саяхатшыларға алда-жалда бірдеңе бола қалса, алғашқы дәрігерлік көмекті қалай көрсетуді жақсы біледі. 

- Жаяу туризм деген ғажап нәрсе ғой. Адам жаяу жүргенде табиғатпен тікелей байланысқа түседі. Жан-жануарлар мен өсімдіктерді, айналадағы қоршаған сұлу табиғатты өз көзімен көреді. Судың сылдырын, құстардың шуылын, ағаш жапырағының сыбдырын құлағымен естиді. Түрлі шөптердің иісін сезеді, қолымен ұстайды. Ал көлікпен саяхатқа шыққанда терезеден қанша сыртқа үңілсеңіз де сіз мұндай ғаламат әсерге бөлене алмайсыз. Табиғатқа жаяу шыққанда адамның туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімі оянады. Сізде осынау сұлулықты көздің қарашығындай сол қалпында сақтауға, ұрпаққа осы қалпында аманаттауға деген құштарлық пайда болады. Менің жұмысым өте қызықты. Бұл әрі жұмысым болса, әрі серуен. Туған өлкемді, туған жерімді сүйемін, - дейді ол ағынан ақтарылып. 

Сандық тастың тарихы

Сөйтіп, тамақтанып, жүрек жалғап алған топ жүктерін жинап тағы да алға жылжыды. Бұл жолы маған жасөсіпірімдер таулы¬-тасты жермен жүргенге дағдыланып, үйреніп қалғандай көрінді. Тіпті, кейбіреулері сылдырап аққан Үлбімен қоса жарысып ыңылдап ән салып келеді. 

Бір кезде Константиннің «Вороний камень» көрінді» деген қуанышты дауысы шықты. Осынау сөз балаларға да қуаныш сезімін сыйлады. Журналистік әуестігім ұстап Константиннен ол таудың неге Вороний камень аталатынын сұрап жатырмын. Сөйтсем, оны солай атап алған жергілікті туристер екен. Әйтпесе, дәл сол жердегі бір тас «Сандық» деп аталатын көрінеді. Константин ол тастың шығу тарихын да баяндап берді.

- Ертеде осы маңда тұратын тұрғындар Үлбі өзенімен сал ағызған. Бірде сол ауылдың бір тұрғыны сандықтағы байлығын осы өзенмен алып өтпек болады. Бірақ осы бір тастың бұрылысына келгенде сандық суға батып кетіпті. Содан бері бұл тас Сандық аталған екен, - дейді К.Кашпырев. 

Тау туризмі бойынша екінші нұсқаушы Александр Писменный да өте тәжірибелі. 1992 жылы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың денешынықтыру факультетін бітірген ол балалармен жұмыс істегенді қатты ұнатады. Біраз уақыт «Империя туризм» фирмасында жұмыс істепті. Өзінің айтуынша, жылына бір немесе екі рет Мұзтауға да көтеріледі екен.

«Вороний камень» тауына көтерілген оқушылар осы жерде біраз уақыт аялдады. Суретке түсті, судың сылдырына құлақ түріп, әдемі табиғатты тамашалады. Түскі астарын да осы арада ішті. 

- Біздің Абай ауданының жері негізінен жазық дала ғой. Шынымды айтсам тауға бірінші рет көтеріліп тұрмын. Ғажап! - дейді Абай ауданы Қарауыл ауылындағы Абай атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Аружан Серікжанова.

Ал Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Жұлдыз Сабитованың да осынау саяхаттан алған әсері шексіз. 

- Білесіз бе, мен елімді, жерімді жақсы көремін. Болашақта осынау жердің, оның байлығының иесі өзіміз болсақ деймін. Сондықтан да маркшрейдер мамандығын таңдап отырмын. Осы слетте «Бақыршық алтын кен орнының тарихы, бүгіні, болашағы» деген тақырыпта ғылыми жоба қорғамақпын. Осы ғылыми жұмыспен айналысу барысында Бақыршық кен орнының акциясының тек 30 пайызы ғана мемлекеттікі екенін біліп көңілім құлазып қалды, - дейді Жұлдыз кәдімгідей жабығып. 

Сонымен бірге оқушылар үшін Ұлан ауданының аумағында орналасқан алты мың жылдық тарихы бар Ақбауыр табиғи-тарихи ескерткіші мен XVII ғасырда бой көтерген Аблайкит буддалық бекініс-шіркеуіне сапарлары да өте қызықты болды. Қабырғалары тастан қаланған осынау бекініс-шіркеуде тіпті кезінде үлкен кітапхана да болған деседі. 

Менің ғылыми жобамның тақырыбы Ақбауырға байланысты. Сондықтан да бұл сапар мен үшін өте пайдалы болды. Әсіресе, Ақбауырдағы жартастардың бетіндегі жазулар құпия сырға толы. Біздің заманымызға дейінгі 3-5 мыңжылдықтарда өмір сүрген адамдардың қолымен жазылған мұндай петроглифтер әлемде өте сирек кездеседі, - дейді Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы орта мектеп-гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Риза Шалхарова. 

Зайсан ауданы Шілікті орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлжан Кеңесова да осынау шараның өзі үшін де, оқушылары үшін де пайдалы болғанын айтады. 

- Мұғалім болсам да, өзім де көп дүниені үйреніп, көріп жатырмын. Отанын сүйетін, туған жерін аялайтын ұрпақ өсіру үшін мұндай шаралар бізге керек, - дейді ол.

Осынау слеттің нәтижесінде Гүлжанның шәкірттері де ғылыми жоба қорғамақ. Қабдығани Нұрсұлтан атты шәкірті «Шілікті даласындағы сақ тайпасы көсемінің пирамидасы» тақырыбында ғылыми жоба қорғайтын болса, қалған үшеуі «ШҚО өнеркәсіп орындары» тақырыбында топ болып қорғамақ. 

Ал бүгін аяқталатын жас өлкетанушылар мен туристердің «Менің Отаным - Қазақстан» атты облыстық слетінің жеңімпаздары республикалық кзеңге жолдама алмақ.

Мейрамтай Иманғали

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар