03 қаз, 2019 сағат 18:52

Олимпиадаға жолдама алған ақтөбелік спортшыларға 1 млн теңгеден берілді

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Токио Олимпиадасына жолдама алған Мейрамбек Айнағұлов пен Нұрислам Санаевты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов және грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген бапкерлер Рақымжан Бақытжанов пен Бауыржан Нұрмаханов, «Ер бақыт» әскери-патриоттық клубының төрағасы, ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев қатысты.

Өңір басшысы балуандарды жеңістерімен құттықтап, алғысын білдірді. «Еркін және грек-рим күресінен Ақтөбе өңірінің спортшылары республикада алдыңғы қатардан көрініп жүр. Халқымызда "бақ шаба ма, бап шаба ма" деген жақсы сөз бар. Спорт - рух пен намыстың бірдей көрінетін ең үздік саласы. Осындай батыр балуандарымызды даярлап жүрген бапкерлердің жұмысына үлкен ризашылығымды білдіремін. Жинаған мол тәжірибе мен біліктің арқасында осындай дәрежеге жеттік. Еткен еңбек, төккен тер ақталып, бүгін міне, үлкен додаға жолдама алып келіп отырсыздар. Осы арқылы сіздер Ақтөбе өңірінің ғана емес, ел мақтанышы, кейінгі жас буынға үлгісіздер. Намысты қолдан бермей туған жердің атын шығарғандарыңыз үшін алғыс білдіремін», - деді облыс әкімі. Н.Оразалин спортшылардың жаттығуларына барлық жағдай жасалатынын атап өтті.

«Ештеңеге алаңдамай, жаттығып, алдағы жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарында еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенемін», - деді.

Кездесу соңында аймақ басшысы қос спортшы мен олардың жаттықтырушыларына алғысын білдіріп, ақшалай сертификаттар табыстады.