19 шіл, 2018 сағат 19:15

Денис Теннің өлімін тергеуді Бас прокурор өз бақылауына алды

Бүгін Алматы қаласында Денис Тенді өлтіруге қатысты іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық істі тергеу үшін ІІМ және ІІД-нің тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел тергеу тобы құрылды.

Іс бойынша процестік прокурорлар тағайындалды. Тергеу барысы Бас Прокурордың бақылауына алынды.

Еске сала кетсек, бүгін Алматыда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді пышақтап кеткені хабарланды.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында бүгін түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.