13 жел, 2019 сағат 06:48

Олеся Кексельге қатысты іс тоқтатылды– Ерлан Тұрғымбаев

Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қылмыстық құрамның болмауына байланысты ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылды. Оның ісіне қатысты барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп, істің заңдылығын тексеру үшін материалдар прокуратураға жөнелтілді», - деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Бұған дейін танымал тергеушінің үстінен азаптау туралы арыз түскені хабарланған болатын.

Олеся Кексель сыбайлас жемқорлыққа қатысты атышулы істерді тергеумен айналысқан.

Атап айтсақ, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың, экс-денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің және бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін тергеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) тергеу департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметін басқарды. 2019 жылдың мамырында қызметінен босатылды.

Күрделі сыбайлас жемқорлық істерін тергегені үшін 2017 жылы II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталып, беделді "Алтын Адам" жүлдесінің "Жылдың мемлекеттік қызметшісі" деп танылды.