28 там, 2016 сағат 21:19

"Өксіп тұрды ай таңбалы өмір бір..."

Ақын, журналист, «Невада-Семей» қозғалысының ардагері Арман Қанидің "Суретші Кәріпбек" атты өлеңін назарларыңызға ұсынамыз. Тағдыр талайына түскен суретшінің ауыр хәлі оқырман көңіліне ой салары анық.

Суретші Кәріпбек 

Балқан тауда, жақпар тастың жанына 
Қайта келіп жалғыз өзі тағы да, 
Тумысынан қос қолы жоқ суретші 
Құлақ түрді жетім тырна зарына. 

Қарауытқан қара барқын қырқадан 
Сырғыды түн сүрлеулермен мың тарам. 
Қоймалжыңдау қоңыр нұрын іңірдің 
Сапырады тісіндегі қылқалам. 

Қан жоса боп құбыла жақ көгілдір, 
Өксіп тұрды ай таңбалы өмір бір. 
Қылқаламға қызыл қаны шашырап 
Күні батты күреңіткен өңірдің. 

Бірақ, мынау тасқа біткен суреттен 
Күркірейді көк нөсерлі бір көктем. 
Көкірегінде көкше жасын шырқырап 
Көшеді бұлт көкпар тартып дүрмекпен. 

Ақ мамық нұр айдарынан үлпілдеп 
Қара ағаш та бүршік жарды біртіндеп. 
Сурет емес, қайнап жатқан өмір бұл 
Тас қазанда мың бояумен бүлкілдеп! 

Суретшінің көзі жайнап күлгенде, 
Жалтылдап ол қара кәусар нұрмен де, 
Сыңар тамшы көз жасынан мөп-мөлдір 
Бояу түсі өзгереді бір демде. 

Тұлымына қызыл-жасыл гүл байлап 
Сарыөзекте сәнденгенде сұрқай бақ. 
Қалқып шықты Хиросима бояуы 
Тас қазанда көлеңке мен күл қайнап… 

Суреттегі ай маңдайлы әлемді 
Қылқаламмен сипап… 
Ойға бөленді. 
Тас бетінде ақиқатты тірілтіп, 
Жауыздықты жазаламақ ол енді! 

Үкім оқу қазір оның ырқында, 
Жай ойнаған Балқан таудың сыртында 
Жаңбырлатып жалғыз ұшып барады 
Қос қанатын от шарпыған бір тырна… 


Арман ҚАНИ