28 қар, 2017 сағат 16:48

ОҚО педагогтары Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін үйренеді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен аймақтағы білім саласының басшыларымен кездесті. Басқосу мақсаты - аталған оқу орнының озық педагогикалық тәжірибелерін өзге мектептерге тарату, аймақтағы инновациялық білім берудің сапасын арттыру. Кездесу барысында өңір басшысы бүгінгі таңда елімізде білім беру жүйесі жаңа бағытқа бет бұрғандығын атап өтті.

«Елбасымыз «Білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдікке бағыт алуымыз керек» деп атап өткен болатын. Ендеше, білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігі арта түсуде. Оңтүстігіміздегі инновациялық білім берудің сапасын арттыруда ортақ мүдделерге бірлесіп қол жеткізуді көздеп отырмыз. Негізгі мақсат - жан-жақты білімді, қабілетті жеке тұлғаны, еліміздің ертеңгі тұтқасын берік ұстауға дайын, толыққанды жетілген мемлекетшіл, патриот жаңа буын қалыптастыру», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстан облысында педагог кадрларды қайта даярлауда биыл 17 мың ұстаз біліктілігін арттырған. Сондай-ақ, облыстағы 15 аудан бойынша құрамына 352 мұғалім енген мобильді топтар құрылып, жұмыс атқарылуда. Ал 2018 жылы 2500-ден астам мұғалімді ағылшын тілі курсынан өткізу жоспарланып отыр.

Өз кезегінде сөз алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова «Жаңартылған білім беру не үшін керек?» тақырыбында баяндама жасап, жаңа оқыту әдістемелерін өзге де мектептерге енгізудің маңыздылығын жеткізді.

Басқосу соңында облыс әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасында 2017-2019 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық орнату жөнінде меморандумға қол қойылды. Болашақта меморандум незінде аймақтағы мектеп мұғалімдері «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» озық педагогикалық тәжірибелерін меңгеретін болады.