30 қар, 2017 сағат 10:55

ОҚО-ның балалар дәрігерлері литвалық мамандармен тәжірибе алмасады

Оңтүстік Қазақстан облысындағы перинаталдық орталықтардың 32 дәрігері литвалық әріптестерімен тәжірибе алмасатын болады. Екі ел мамандары негізінен, акушерлік және неонаталды көмек көрсетудің тиімділігі турасында кеңеспек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ана мен бала денсаулығын сақтауда жақсы көрсеткішке қол жеткізген педиатр мамандармен бүгін облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев  кездесіп, алдағы жұмыстарын пысықтады. Себебі, елімізде әрбір бесінші сәби өмірге келетін өңірде ана мен бала денсаулығын сақтап қалу мен сапалы қызмет көрсету маңызды саналады. Мәселен Литва елінде жылына бар-жоғы 3 мыңдай нәресте ғана дүниеге келеді екен. Алайда онда аналар денсаулығының тұрақтылығы жағынан көрсеткіші жақсы. Статистикаға сүйенсек, біздегі бұл көрсеткіш 70 мыңнан асып жығылады. Дегенмен  күрмеуі шешілмеген мәселелер көп. Екі апталық семинар кезінде мамандар оңтүстікте қалыптасқан тәжірибемен терең танысып, келелі кеңестерін береді. Тәжірибе алмасуға келген 5 дәрігер де Ғылым-денсаулық университеті клиникасының мамандары. Олар - туу жасындағы аналардың денсаулығын жақсарту, дүние есігін ашқан нәрестені күтіп - баптауда жоғары біліктілікке ие.  

«Қазақстанда барлық жоғары технологиялар жүйесі жақсы қалыптасқан екен. Нәресте өмірін толықтай сақтап қалуға болады. Біз осы семинар арқылы оны әрі қарай дамытуға көмектесеміз. Бірлескен жобадан жоғары жетістіктер күтуге болады»,- дейді Литвалық неонотолог дәрігер Раса Бринкис.

Сала мамандарының сөзінше, шетелдік дәрігерлер негізінен европада қолданылатын тәжіибелерін көрсететін болады. Оңтүстіктегі жинақталған тәжірибе алмасады.

Айта кетейік, Литвалық денсаулық ғылымы университетінің клиникасы мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы мамандардың тәжірибе алмасуы 2010 жылдан бері іске асып келеді. Қол жеткізілген жетістіктер де жетерлік. Сондықтан бұл әріптестікті тереңдетудің Қазақстан үшін тиімділігі жоғары.