23 қыр, 2017 сағат 14:23

ОҚО кәсіпорындары ЭКСПО-да қойылған 105 озық технологияны енгізуге қызығушылық танытты

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде қойылған 105 озық технологияларды өндіріске енгізуге қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы өңір басшысы Жансейіт Түймебаев халықаралық мамандандырылған көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды өңірде қолдану мәселелері бойынша өткен жиында мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.  

Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорындарда озық технологиялар қарастырылған 27 жобаны енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Шымкентмай» АҚ каталитикалық деаэроциондық қондырғыны өндіріс процесінде пайдаланбақ. Ал Чехия, Ресей елдерінің қалдықтарды өңдеу бойынша «HEDVIGA GROUP» және «WiseSoiL» компаниялардың жобаларын «Технология-21» және «Таза қала» ЖШС-тері қалдықтарды өңдеу зауытының өндіріс жұмыстарына енгізбек. Сонымен қатар, «Жиналған суды тазартуға арналған мобильді комплекс» және «Күн батареяларын басқару жүйесі» жобаларын «Су ресурстар-Маркетинг» ЖШС қолданысқа енгізетін болса, Малайзия мемлекетінің көше жарықтандыруға «Q-RAU tm» жарық диодты лампыларын «Ақсемсерстройсервис» кәсіпорны Шымкент қаласындағы көшелерді жарықтандыруға пайдалануды қарастыруда. Бұдан бөлек, ЭКСПО халықаралық көрме тақырыбы бойынша өңірде өнеркәсіп, экология, ауыл шаруашылығы саласында да жаңа технологияларды енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

«Бүгінгі таңда облысымызда Елбасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жасалуда. Қазіргі күнге өңірде 5 жаңартылған энергия көздері нысандары жұмыс істеп тұр.  Олар жалпы қуаты 5,8 МВт болатын 3 шағын су электр станциясы, ал осы жылы қосымша жалпы қуаты 3,5 МВт болатын 2 шағын су электр станциясын іске қосылатын болады. Жүргізілген зерттеулер негізінде, алдағы жылдары облыстағы 122 өзендерде жалпы қуаты 420 МВт-ты құрайтын шағын су электр станцияларын салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Өгем өзенінде жалпы қуаты 57 МВт болатын каскадты шағын су электр станцияларын салу жөнінде Түркияның «DOGUS» Constraction компаниясымен келіссөздер жүргізілуде», - деді Ж.Түймебаев.

Елордамыз Астанада өткен «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрме сәтті өткенін айтқан аймақ басшысы, әлемнің назарында болған тарихи шараны 151 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық барып тамашалағанын атап өтті.