07 мау, 2017 сағат 14:51

ОҚО-да жыл соңына дейін 19 елді мекеннің жер асты су қоры бекітіледі

Оңтүстік Қазақстанда жыл соңына дейін 61 елді мекенде геологиялық іздеу-барлау жұмыстары басталып, 19 елді мекеннің жер асты су қоры бекітілмек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Қазіргі таңда өңірімізде жер асты су қорын бекітуді қажет ететін 383 ауылдың 244 елді мекенінде аталған жұмыстар атқарылған. Облыстың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін жер асты су қоры бекітілген елді мекендер санын 383-ке жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ә.Әбдіқадыров хабарлады.

Сонымен қатар, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасы аясында, 2017 жылы ауыз сумен қамтамасыз ету саласында 26 нысанның құрылысына 3,1 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға, негізінен, су құбыры мүлдем жоқ 10 елді мекенге (яғни, 12 335 мың халық) жаңа ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беру жоспарланса, 3 елді мекендегі (6,2 мың халық) тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылады.

Нәтижесінде, облыстың ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда – 94,2 % (1204,3 мың адам), ауылдық елді мекендерде - 74,2 % (620 е.м.) жеткізу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, облыстың Қазығұрт, Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының 800 мыңнан аса халқын сапалы ауыз сумен қамту өзекті мәселе болып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында Өгем өзенінен көлемі секундына 3-3,5 м3-қа дейін суды бұрып, ауыз су ретінде пайдалану қарастырылуда.