26 қыр, 2017 сағат 11:03

ОҚО-да жас өлкетанушылардың сайысы өтті

Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы «Туған жер» бағдарламасы аясында жас өлкетанушылардың сайысы өтті. Су туризмін дамыту мақсатында ұйымдастырылған "Ақ желкен" жарысына 150 оқушы мен 50-ге жуық маман қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Елбасы Н. Назарбаевтың "Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар" мақаласы аясында ұйымдастырылған сайыс Бәйдібек ауданы, Арыс өзені бойында өтті. Онда оқушылар суда қайықпен жүзуден ептіліктерін байқатып, шеберліктерін шыңдады. Спорттық, техникалық және тактикалық жағынан мықтылықтарын байқатты. Сайысқа қатысқан оқушылардың бірі Көркемжан Қонысбай спорттың суда жүзу түріне қызығатын балғындар санының көптігін айтады.   

«Мен Шымкенттен келдім. Су спортына қатты қызығамын. Біз мұнда тек жарысып қана қойған жоқпыз, құтқару  тәсілдерін үйрендік,  ептіліктерімізді таныттық», - дейді Көркемжан Қонысбай. 

Жалпы, жиынға қатысушы балғындар мұнда тек жарысып қана қоймай, төрт күн бойы далалы жағдайда өмір сүрудің де қыр - сырларымен қанықты.  Судан құтқару мен  одан өзге де спорттық- техникалық шеберліктерін шыңдады. «Жалпы, жиын өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Яғни, оқушыларға  жалпы су спорты жайында және дала туризмі жайлы мағлұмат  беріп, соны іс жүзінде көрсетіп, таныстырдық. Сөйтіп балғындарды қызықтыра алғандаймыз. 

Ал содан кейін су спортын таңдау да олардың өз еріктерінде», - дейді Облыстық жас туристер станциясы МКҚК директоры Сәуле Өмірбаева. 

Жарыстан кейін жас туристер Бәйдібек ауданының орталығы  Шаян ауылын аралап, ондағы 150 орынға лайықталған орта мектебінде болды. Жүзімдік ауылындағы мектептен ашылған жаңа спорт залы мен теннис кордын,  ойын алаңшаларын көріп шықты.