07 жел, 2017 сағат 13:01

ОҚО-да ұлттық сусындардан құрғақ сүт дайындайтын зауыт салынуда

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары барысында қымыз бен шұбаттан құрғақ сүт өнімін өндіретін «Golden camel group LTD» кәсіпорнында болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Индустриалды аймақта салынып жатқан инвестициялық жоба келер жылдың мамыр айында іске қосылады. Бүгінде нысан құрылысының 75 пайызы аяқталған. Жүргізіліп жатқан құрылыстың барысымен танысқан облыс басшысы мұндай зауыт ТМД елдерінде баламасы жоқ екенін айтып, бұл жобаның өңірүшін маңызды екеніне тоқталды.

«Түйе мен биенің сүтінен құрғақ өнім дайындайтын зауыттар облыс үшін өте тиімді. Өйткені өңірде түйе шаруашылығы дамитын болады. Сондай-ақ, жергілікті жұрт жұмыспен қамтылады. Бастысы, отандық шипалы өнімді шетелге экспорттауға мүмкіндік туады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын зауыт болашақта жылына 2500 тонна құрғақ сүт өндіретін болады. Инвестициялық жоба іске қосылғанда 150-ден астам азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.  Алдағы уақытта мұнда әзірленген дайын өнімдер республика нарығынан бөлек, Қытай, Сауд Арабия, Гонконг елдеріне экспортталатын болады.

Бұдан бөлек, әкім осы жылдың шілде айында іске қосылған Оранғай ауылдық округіндегі «Инар А.С.» жылыжай кешенін аралап көріп, қызанақтың өнімділігін байқады. Аумағы 0,5 гектарды құрайтын жылыжайдан бүгінге дейін 20 тонна қызанақ алынған. Алда 40 тонна шамасында өнім беретін кешенде қызанақ пісудің алдында тұр. Кәсіпкер Инара Намазбаеваның айтуынша, алғашқы өнім Түркістан базарына шығарылған. Құны 45 миллион теңгені құрайтын кешенде 10 адам жұмыспен қамтылған.