28 қар, 2017 сағат 22:07

ОҚО-да Тұңғыш Президент күніне орай қайырымдылық шарасы өтті

Оңтүстік Қазақстан облысында 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай  «Қайырымдылық - қайырлы іс» форумы өтті. 

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған шараға жаны жомарт жандар қатысып, мұқтаждарға қаржылай көмек көрсетті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Ассамблея ғимаратында өткен игі шараға облыстық мәслихаттың депутаттары, кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері, облыстық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері және өңір тұрғындары қатысты.

Қайырымды жандардың басын қосқан шараның басты мақсаты көпшіліктің демеуімен науқас бүлдіршіндерге көмек қолын созу болды. Жиында  облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов  сөз сөйлеп, форумның маңызына тоқталды. Ол қайырымдылық шараларын үйлестіру бүгінде ассамблея жұмысының басты бағытына айналғанын айтып өтті. Форум аясында облыстық әзіл-сықақ театрының әртістері «Ынтымақ әуендері» атты музыкалық комедиясын көпшіліктің назарына ұсынды. Ал,  мұқтаж жандарға жомарттық танытқандар арнайы қойылған жәшікке қаржы салды. 

Іс-шара соңында арнайы құрылған комиссияның төрағасы, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің жетекшісі Орынбай Рахманбердиев билеттен және қайырымдылық акциясынан қолма-қол 4 млн 589 мың теңге жиналғанын, тағы бірқатар жомарт жандардың 1 млн 400 мың теңгені науқас балалардың жеке шотына аударуға уәде бергенін хабарлады. Жиында 5 баланың ата-анасына 500 мың теңгеден тапсырылып, қалған қаржы да толығымен Алматы, Астана қалаларындағы медициналық ұйымдарда ем алу үшін кезекте тұрған оңтүстікқазақстандық балалардың емделуіне жұмсалатынын айтты.

Айта кету керек, қайырымдылық шарасына "Шымкент құс", «Ордабасы құс», «Бал Текстиль», «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен Қазығұрт ауданының бірқатар кәсіпкерлері белсенділік танытты.