26 қар, 2017 сағат 16:27

ОҚО-да «Тамұқтан тірі қайтқандар» кітабы жарық көрді

Оңтүстік Қазақстан облысында  "Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, хабарсыз кеткен боздақтарды іздестіру әдістері және тарихи сананы қалыптастырудың өзекті мәселелері» атты семинар өтті.

Облыстық тілдерді дамыту, архивтермен құжаттама басқармасына қарасты Шымкент өңірілік мемлекеттік архиві және "Серпіліс" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шараға тұтқында болған 96 жастағы ардагер мен жауапты мамандар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған семинарда жиналған қауым алдымен Қазақстан ұлттық арнасының «Журналистік зерттеу» бағдарламасы түсірген деректі фильмді тамашалады. Өткен ғасырдың ең алапат соғысы кезінде тұтқынға түскендер туралы мағлұмат алды. Концентрациялық лагерлерде азапталған, ажал құшқан, ал кейбіреулері сол зұлмат күндерден аман -есен елге оралғандардың өмірімен танысты. Сондай-ақ кездесуде жалпы жұртқа арналған, «Ұлы Отан соғысында» әскери тұтқынға түскен әскерлер жайлы жазылған "Тамұқтан тірі қайтқандар" кітабы көпшілік назарына ұсынылды.

Жалпы, Қазақстан соғыс жылдарында  қызыл әскерге 1,2 млн адам жіберіп, олардың әрбір екіншісі  соғыста қаза тапса, 200 мыңы тұтқынға түскен. Ал, жаңадан жарық көрген кітапта екінші дүниежүзілік соғыста Оңтүстік Қазақстан облысынан майдан даласына шақыртылған жауынгерлердің  басынан кешкен қиындықтары, соғыс жылдарынан кейінгі өмір жолының қалыптасуы баяндалады.