04 мау, 2017 сағат 16:13

ОҚО-да Мемлекеттік рәміздер мерекесі аталып өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы - Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Мәңгі желбіре көк туым» атты мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырылған шара, ең алдымен, «25 жыл, 25 көше» мерекелік шеруімен бастау алып, қаладағы «Бәйдібек би» ескерткішінен қаладағы Т.Рысқұлов, Қазыбек би сынды 25 негізгі көше арқылы «Тәуелсіздік саябағына» дейін жалғасты. Шеруге 20 мотоциклші мен 30 велосипедші және тақырыпқа сай безендірілген 2 автобус, 4х8 көлемінде мемлекеттік ту ұстаған 30 спортшы қатысты. Ал автобусқа еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері сынды түрлі саланың үздіктері отырғызылды.

Шеру қатысушыларын «Тәуелсіздік» саябағының негізгі қақбасынан қарсы алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өңір жұртшылығын мерекемен құттықтады.

Мерекелік іс-шараның үйлесімді жалғасы «Тәуелсіздік тұғырым» сазды-хореографиялық композициясына ұласты. Композиция барысында жалынды жастардан құралған жалпы саны 100 адамдық топ заманауи сазды музыка ырғағымен флешмоб ұйымдастырып, рәміздер белгісі бар арнайы дайындалған шарларды ұшырды.

Сондай-ақ, шара барысында «Суреттер сөйлейді» қолөнер шеберлері мен қылқалам өнер көрмесі келушілер назарына ұсынылып, шеберлер жас буынға сурет өнерінің сырын ашатын тренинг өткізсе, «Тәуелсіздік» саябағының ортасында орналасқан субұрқақ алаңында велосипедшілер патриоттық ән ырғағымен туды желбіретіп ұстау өнерін жалпы жұртқа паш етті.

Мұнан соң, саябақтағы Рәміздер алаңшасына орналасқан ту тұғыры қайта жаңғыртылып, ресми түрде көтеріліп, мемлекеттік гимн орындалды. Әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған  хорға балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары, музыкалық колледж студенттері, әскери қызметкерлер, этно-мәдени орталықтардың өкілдері және ардагерлер қатысты.