#
#
Жұма 18/08/2017

ОҚО-да қытайлық кәсіпкерлердің бастамасымен екі зауыт салынады

  • 05.08.2017
  • 4
  • 1610

Қытайлық кәсіпкерлер Оңтүстік Қазақстан облысында биоэтанол өндіру зауыты мен фосфор өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеуден өткізетін өндіріс ошағын іске қоспақшы. 

Көрші елдің инвесторлары биоэтанол өндірісіне Отырар ауданын, ал фосфор қалдықтарын өңдеуде Созақ өңірін қолайлы көріп отыр. Бүгін бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі мен Қытай фторселикондық өндірісі қауымдастығының директоры Сианжун Цао бастаған делегацияның кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Кездесуде қытайлық делегацияны бастап келген Сианжун Цао негізгі екі бағытта зауыт құрылысын бастауға мүдделі екендіктерін жеткізді.


«Біз Оңтүстік Қазақстан облысында негізгі екі бағытты дамытуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі - биоэтанол өндіру ісі, ал екіншісі фосфор қалдықтарын қайта өңдеуден өткізу. Егер екіжақты келісімдер орындалып жатса, екі зауыттың құрылысын тез арада бастауды жөн көріп отырмыз», - деді ол. 

Өз кезегінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев шетелдік инвесторларға облыстың инвестициялық тартымдылығы мен индустриалды-инновациялық жобаларды іске асыратын аймақтардың әлеуетін баяндады. Облыс экономикасын өрге сүйреп келе жатқан салаларға тоқталған әкім инвестиция тарту бойынша жергілікті билік тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктерге кеңінен тоқталды.


«Елге инвестиция тарту - экономиканың ең негізгі тетігі. Осыны ескере отырып біз кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіріп отырмыз. Өңірімізде 11 индустриялық 1 арнайы экономикалық аймағымыз жұмыс істейді. Шетелдік инвесторлар кедендік, мүліктік салықтардан босатылады. Сондай-ақ жер телімі, инфрақұрылымдық қажеттіліктердің бәрімен толық қамтамасыз ететін боламыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Шетелдік инвесторлардың екі жобасына да қолдау білдірген облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.  Тиісті құжаттарды тездетіп әзірлеп, қажетті жер телімдерін бөлуді және де екі зауыттың да іргетасын биыл қалауды тапсырды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда әлемде биоэтанол өндірісінің өрісі кеңіп, пайдаланушылар қатары артып келеді. Ғылым тілімен айтсақ, биоэтанол дегеніміз техникалық абсолюттендірілген спирт құрамы 99,9 градусты құрайды. Аталмыш жаңа отын түрі жанар-жағар майға қарағанда, ауаны ластамайды және парниктік газдарды да бөлмейді. Бір сөзбен айтқанда адамзат баласына да, қоршаған ортаға да зиянсыз отын. Қытайлық инвесторлар биоэтанол өндіру ісінде оңтүстікқазақстандық жүгері мен бидай, арпа қалдықтарын пайдаланбақ. Бұл өз кезегінде Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық саласын дамытудың ерекше жолы болғалы отыр. 

4 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР