07 жел, 2017 сағат 11:39

ОҚО-да қаржы басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Оңтүстік Қазақстан облысы əкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың өкімімен облыстық қаржы басқарамасының жаңа басшысы лауазымына Абдрахман Батырбекұлы Тасыбаев тағайындалып отыр. 

Осылайша, облыстық қаржы басқармасының басшысы болып Абдрахман Батырбекұлы Тасыбаев келді.

Жаңа басшы 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі болып қызмет атқарған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттігінің тілшісі облыс əкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, Абдрахман Батырбекұлы 1977 жылы 4 мамырда дүниеге келген, білімі жоғары, мамандығы бойынша инженер-экономист. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының  бас маманы болып бастаған. 2002-2011 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы қаржы және коммуналдық меншік департаментінің бөлім бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының  бас инспекторы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқарма бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты  тексеру  комиссиясының  бөлім  меңгерушісі лауазымында еңбек еткен.

Абдрахман Тасыбаев өз ісінің нағыз маманы. Біраз жылдар бойы Оңтүстік Қазақстан облысының ілгері дамуына өзіндік үлесін қосқан азамат. Абдрахман Батырбекұлы өзінің оңтүстіктегі онжылдық еңбегінде халық тарапынан да, басшылық тарапынан да шынайы ілтипаттар мен лайықты марапаттарға ие болып келді. Осының арқасында соңғы тағайындалған қызметіне де көпшілік қауым үлкен сенім артып отыр. Өткерілген игі шаралардың барлық парасы осындай риясыз көзқарастарды қалыптастырды.