20 қыр, 2017 сағат 17:47

ОҚО-да бес балалы жалғызбасты анаға қайырымды жандар баспана салып берді

Оңтүстік Қазақстан облысында бес баласы бар жалғызбасты анаға қайырымды жандар баспана салып берді. Көп балалы отбасының баспаналы болуына Арыс қаласының мешіт қызметкерлері мұрындық болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жібек Нәлібаева осы күнге дейін бес бірдей перзентімен  пәтер жалдап, талай ауыр күндерді басынан өткізіп келіпті. Үйелмелі-сүйелмелі бес баласымен көшіп-қонудың азабын тартқан әйел ақыры ауылдағы имамдардан жәрдем сұраған. Жалғызбасты қамкөңіл ананың жағдайымен танысқан дін өкілдері жергілікті  кәсіпкерлер мен қалталы азаматтардың басын қосып, көмекке  мұқтаж жанұяға баспана салып беру  туралы ұсыныс тастайды. Бұл ұсынысты құп көрген азаматтар Арыс қаласының «Наурыз» мөлтек ауданынан үш бөлмелі тұрғын үй салып берді.

«Біреу шатырын жабатын шифрын берді, біреу цементын берді. Сөйтіп құрылыс материалдары жиналды. Сондай-ақ, мешіттің жамағаты мен қала имамдары да жәрдем берді. «Көп түкірсе көл» демекші, бәрі бәрдей жұмылды. Осы кісіге нәсіп етіпті үй алу, әр жерде көшіп қонып жүргенде. Кәсіпкерлер қолдап қоштады, Алла разы болсын», - дейді Арыс қаласының бас имамы Абдукамал Әбдукерім.

Жаңа үйдің кілтін табыстау рәсіміне халық көп жиналды. Жаңа үйдің кілтін алған ана осындай қайырымды істің басында жүрген азаматтарға өз ризашылығын білдіріп, аналық алғысын айтты. Тіпті  қуаныштан көзіне жас алып, мұндай баспанаға қол жеткізу арман болғанын айтады.

«Кілітті алдым. Үйдің ішіне бала-шағамызбен кіріп қуанып жатырмыз. Әсіресе перзенттерім қатты қуанып отыр. Осы баспанаға атсалысқан азаматтарымыз аман болсын. Оларға айтар алғысым шексіз. Мен сияқты көп балалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларға да осындай қуаныш тілер едім», - дейді Жібек Нәлібаева.

Айта кетейік, тоғыз жолдың торабында орналасқан шағын қалада бұған дейін жалдамалы пәтерлерді паналап келген жалғыз басты анаға үй берілген болатын. Ол кезде де әлеуметтің әлсіз тобына мешіт имамдары мен жергілікті кәсіпкерлер көмек қолын созды. Осылайша жетімін жылатпаған, жесірін жерге қаратпаған ел азаматтары қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырып келеді.