25 қар, 2017 сағат 16:04

ОҚО-да бастау алған «RIC ON KO’RME» жәрмеңкесі жалғасын тапты

Алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысында бастау алған «RIC ON KO’RME» атты жәрмеңке жалғасын табуда. Ерекшелігі – жәрмеңкеде тек қана «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы және «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландырылған тауар өндірушілері өз өнімдерін нарықтан төмен бағада сатуға шығарады. Олар үшін орындар тегін беріліп, сатушыға да сатып алушыға да компания барлық жағдайды жасап беруде.

Мақсат: ауылшаруашылығы тауарларын халыққа өндіруші бағасымен тікелей қолжетімді ету, кәсіпкерлер, тұтынушылар және компания арасындағы үш жақты бейресми қарым-қатынасты нығайту және жақындату, қаржыландырылған жобалардың өнімдерін танымды болуына ықпал жасау және оларды ілгерілету.

«ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының Басқарма төрағасы Қуаныш Байтөре және «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Данияр Арынғазинның айтуынша, енді бұл жәрмеңке əр екі аптада бір рет өткізіліп тұратын болады.

«Біз тек қана қаржы институты емеспіз, біздің компания даму институты болып есептеледі. Сондықтан, біз кәсіпкерлерге тек қаржы беріп қана қоймай, олардың кәсібін әрі қарай ілгерілетуге және дамытуға барынша қолдау көрсетеміз. Олар бізбен біз олармен бірге өсеміз», - деді Басқарма төрағасы Қ. Байтөре.

Жәрмеңкеде 35-40 шақты кәсіпкер өз тауарларын нарықтан төмен бағамен сатылымға шығарады. Олардың ішінде азық-түлік: ет және сүт өнімдері, балық және шұжық өнімдері, жеміс-жидек, көкөністер басым бөлігін құрайды. Одан бөлек, жеңіл өнеркәсіптік тауарлар, қолдан жасалған бұйымдар, құрылыс материалдары, сондай-ақ балалар үшін ойыншықтар да бар. Ең бастысы бұлардың бәрі оңтүстікте жасалынып, біздің орталықпен қаржыландырылған.

Айта кету керек, аталмыш шара Елбасымыздың халыққа жолдауы, рухани жаңғыру аясында қолға алынып, басқа да ұйымдарға әлеуметтік шараларды өткізуді насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, «RIC ON KO’RME» атауы компанияның латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын көрсете отырып, өңір халқын да латын әліпбиіне көшу кезеңіне белсенді ат салысуға шақырады.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Ж.Түймебаев азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру және тауар өндірушілер мен диқандарға өз өнімдерін саудалауға мүмкіндік беретін әлеуметтік базар ашу бойынша тапсырма берген болатын. Аталмыш шара, игі істің бастауы болып, әлеуметтік базарлардың көбейуіне тың серпін береді, деп күтілуде.