21 нау, 2018 сағат 10:43

ОҚО әкімі атышулы Абай елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданы Абай елді мекенінде болып, ел ағаларымен, ауыл тұрғындарымен кездесті. Басқосуда өңір басшысы Наурыз – татулыққа бастайтын мейрам екенін айта келе, тұрғындарды ынтымақпен бірлесе еңбек етуге шақырды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

"Мемлекет ретінде қалыптасып, Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр ғана болған бізге татулық пен ынтымақ өте қажет. Сарыағаш – шекаралық аймақта орналасқан стратегиялық аудан. Мұндағы халықтың өсімі өте жоғары. Сондықтан да елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Елбасымыздың қолдауымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мұның бәріне елдегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Осы жетістіктерімізді ел ағалары мен тұрғындары қолдап, қуаттап отырса, бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндігіміз мол", – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі кездесу барысында Абай ауылында болған оқиғаға да тоқталды. Бұл мәселемен тиісті құзырлы органдардың айналысып жатқанын айта келе, болшақта мұндай жағдай қайталанбауы үшін ел ағалары, ауыл билері бірігіп жүйелі түрде жұмыс істеу керек екенін мәлімдеді.

Кездесуде сөз алған ауыл биі М.Ілесбеков ел ішіндегі түрлі мәселелердің дер кезінде шешілуіне ел болып атсалысып, жұмылу қажеттігін жеткізді.

Жиын соңында облыс басшысы сарыағаштық тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізде тыныштық пен берекенің салтанат құруын тіледі.