20 там, 2019 сағат 11:48

Өгей шешесі мен оның анасын сабаған күдікті ұсталды

Түркістан облысында қарт әйелдерді соққыға жыққан күдікті ұсталды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Түркістан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, іздеу салынған күдіктіні ұстауға бірнеше тәулік кеткен.

«Келес аудандық полиция бөліміне ауруханаға екі әйел дене жарақатымен жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті. Полиция қызметкерлері жергілікті тұрғын өгей шешесі мен анасын жарақаттап, қылмыс орнынан бой тасалағанын анықтады. Аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 107 және 149-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Бірнеше тәуліктен кейін жедел-іздестіру іс-шарасының арқасында күдікті ұсталды. Оқиғаның мән-жайы әлі анықталуда. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Еске салсақ, Түркістан облысы Келес ауданында екі әйелді ұрып-соққан күдіктіге іздеу салынған болатын.