17 қыр, 2016 сағат 23:39

Облыстағы барлық аудан орталықтары абаттандырылады

 

Облыстағы барлық аудан орталықтары абаттандырылады


Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Глубокое ауданында болып, маңызды нысандар мен жаңа кәсіпорындарды аралады.

Жұмыс сапарын аудан орталығындағы жылу қазандығынан бастаған өңір басшысы нысанды ағымдық жөндеуге бөлінген 61 млн. теңгенің қалай игерілгеніне назар аударды. Бүгінде мұндағы екі негізгі қазандық толық жөндеуден өтіп, маусымға сақадай сай күйге келтіріліпті. Ал сақтық үшін орнатылған қосымша қазандық қазан айында дайын болады деп күтілуде. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары іске қосылған жылу қазандығының тозығы жеткенін сыртқы кейпінен-ақ көруге болады. Нысанның бас инженері Валерий Шаравин ескірген екі қазандықтың ары кетсе екі-ақ жылдық «ғұмыры» қалғанын айтады. Алайда бұл қазандықтарды жаңасымен алмастыратындай тиімді жоба табылмай отыр. О баста бұл жылу ғимараты Кузбаск көмірін тұтынатындай етіп жасалған екен. Ал Қаражыраның көмірінен өндірген жылудың шығыны орасан. Жергілікті «Теплоэнергия» кәсіпорнының ұсынып отырған жобасына 1,2 млрд теңгеден астам қаржы қажет. Аймақ басшысы жобаның өз бағасына сай емес екенін қадап айтты.

-Өткен жылы да дәл осындай утопиялық жоба ұсынған болатынсыздар. Көрші елден ескі технологияға негізделген қондырғы әкеп орнатқанмен мәселе шешілмейді. Өзін ақтайтындай тиімді жоба дайындаңыздар, - деді Даниал АХМЕТОВ.

Облыс басшысы өткен жылы ғана кент аумағынан бой көтерген шағын кірпіш зауытына да бас сұқты. Тәулігіне 15000 дана кірпіш шығаратын өндіріс ошағында 75 адам жұмыс істейді. Сол 75 адамның күшімен құйылатын «М100» маркалы кірпіштерді әзірге Өскеменнің құрылыс компаниялары мен жеке тұрғындар тұтынуда. «Шығыс Керамика» ЖШС-нің атқарушы директоры Ермек Темишев сұраныс артса, өндіріс желісін кеңейтуге дайын екенін айтады. Қазір де сұраныстың аздығынан зауыт толық қуатына ене алмай отырса керек. Шикізат алатын карьер зауытқа жақын жатқандықтан өнімнің өзіндік құны арзанға түсіп отыр. Қызыл кірпіштің әр данасы 35 теңгеден сатылуда. Ал Глубокое кентінен әкетуге шамасы келмегендер облыс орталығына 37 теңгеден тапсырыс бере алады. Аймақ басшысы зауыттың баға саясатын дұрыс ұстанып отырғанын айта келе, сапаға көңіл бөлу керектігін ескертті.

100-ден астам мектеп жөндеуден өтеді

Облыстағы барлық аудан орталықтары абаттандырылады


Биыл облыс бойынша 138 мектеп ағымдағы жөндеуден өткені белгілі. Соның бірі – Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп. 630 орындық білім ошағының жылу жүйесін жаңалауға облыстық бюджеттен 10,5 млн теңге бөлінген болатын. Мектептің ҰБТ нәтижесімен танысып, өнертапқыштар үйірмесінің жұмысын оң бағалай келе, облыс басшысы білім нысанын ағымдық жөндеу жобасы дұрыс болмағанын атады.

Облыстағы барлық аудан орталықтары абаттандырылады


- Мектептер мен медициналық нысандарды жөндеуге келесі жылы да басымдық береміз. Биыл 138 мектепті жөндеуден өткізсек, келер жылы да сол межеден түспеу қажет. Осылайша алдағы 2-3 жылда бұл мәселені толық шешеміз. Алайда ол үшін бір рет жөнделген мектепке екінші рет қайта оралмауымыз керек. Яғни жөндеуді қажет ететін мектептерді саралау кезінде ұсақ-түйектің бәрін назарға алып, жобаны мұқият әзірлеген жөн, - деді Даниал АХМЕТОВ. 

«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында өткен әкім қабылдауына жергілікті қоғамдық кеңес пен өзін-өзі басқару комитетінің өкілдері қатысты. Михаил Калинин аудан орталығындағы Абай ықшам ауданының жолын тегістеу мәселесін көтерсе, Вячеслав Цой кентке кіре беріс көшені жарықтандыруға қаржы сұрай келіпті. Облыс басшысы Өскемен және Семей қалалары мен 19 аудан орталығын абаттандыру бойынша кешенді жоба қолға алынатынын атады. Сол жоба аясында ішкі жолдар да реттеліп, көшелер де жарықтандырылатын болады. Оған қажет қомақты қаржыны Еуропа даму және қайта құру банкінен тарту көзделген. Жоба арқылы орталықтардағы көшелерді жарықтандыру жүйесі толық жаңаланатыны да айтылды. Соның арқасында жарық шығыны 30 пайызға үнемделіп, жұмсалған қаражат 4-5 жылда ақталады деп күтілуде. Көтерілген екі мәселе бойынша аудан әкімі Қалихан Байғонысовқа нақты ұсыныс дайындау жүктелді. Сол ұсыныстың тиімділігіне қарай қаржы бөлінетін болады.

Аурухана апаттық жағдайдан арылды

Салынғалы бері бірнеше рет апаттық жағдайға тап болған аудандық орталық аурухананың тірлігі енді түзелгенге ұқсайды. Соңғы рет 2015 жылдың желтоқсанында емхана ғимаратының қабырғалары мен жертөлесінде жарықшақтар пайда болып, дабыл көтерілген еді. Жан-жақты зерттеулерден кейін аурухана кешенінің іргетасын бекемдеу керек деген шешім қабылданған. Құрылысқа жауапты «Элхон» ЖШС барлық ақауды жоюға міндеттеліп, іргетас қайтадан монолит төсеніштермен бекемделіпті. Қақыраған қабырғалар да жөндеуден өтіп, ақау толық жойылған. Мұнда сондай-ақ инфекциялық аурухананың ескі ғимаратын қайта жарақтау жобасы қолға алыныпты. Оған облыс бюджетінен 84 млн теңге бөлінген. Қыс түскенше мұндағы жұмыстар да аяқталып, науқастарға заманға сай қызмет көрсетілетін болады.

Облыстағы барлық аудан орталықтары абаттандырылады


Бұдан кейін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Верхберезовка кентіндегі техникалық колледждің тынысымен танысты. Жабылу қаупі төнген білім ошағын колледж ұжымының жанайқайы мен Елбасының кәсіптік білімді ақысыз беру жөніндегі нұсқауы сақтап қалған болатын. Осындағы кен орнын игеруге келген «Нұрслан» ЖШС колледжге демеушілік көрсету жөнінде меморандумға қол қойған. Студенттер аталған кәсіпорында дуальді оқыту бойынша тәжірибеден өтіп, 2018 жылдан бастап сонда жұмысқа орналасатын болады. 240 орындық ғимараттың бірінші қабаты жатақханаға лайықталған. Колледж сылақшы, тас қалаушы, дәнекерлеуші, электрик сынды мамандықтар бойынша білім береді. Аймақ басшысы ғимараттың жөндеу жұмыстарының сапасыз екендігін атап, мекеме басшыларын өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Түлектердің 80 пайызы жұмысқа орналаспаған жағдайда педагогтардан жауап алынатыны да ескертілді. Семей қаласынан «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында көшіп келіп, жұмысқа орналасқан Кенжехан Айдархан 18 баланы сылақшы мамандығына баулып жүргенін айтады. Жасанды құрылыс алаңдары мен дәнекерлеу кабиналарында, түрлі электрлік қондырғыларда кәсіби машық қалыптастырып жүрген жастардың қимылына тәнті болған аймақ басшысы колледждің жабылуына жол берілмейтінін мәлімдеді.

Сүт өндірісінде серпін бар

Облыстағы барлық аудан орталықтары абаттандырылады


Аудандағы сүт өндірісін дамытуға әлеуетті елді мекеннің бірі – Уваров ауылы. Облыс басшысы осындағы «Уваровское» шаруа қожалығы мен «Восход-молоко» зауытын аралады. Шаруа қожалығының жетекшісі Александр Бурдаков 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын кеңшар кезеңінен мұраға қалған қоражай базасында ұйымдастырыпты. Даниал АХМЕТОВ ескі ғимараттарды заманға сай жарақтау жобаларына да басымдық беру тиімді екенін атап, ондай жобаларға облыс тарапынан нақты қолдау болатынын жеткізді. Ол үшін «Даму» қоры арқылы жеті пайыздық несие беру жүйесі жолға қойылған. Ал «Восход-молоко» ЖШС тоғыз елді мекеннің тұрғындарынан және шаруа қожалықтарынан сүт қабылдайды. Соған қарамастан тәулігіне 16 тонна сүт өңдеуге қауқарлы кешен қуатының 62 пайызын ғана пайдалануда. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін сүт қабылдау желісін кеңейту жоспарланған. 

Өңір басшысы «2015 жылдың үздік орта білім беру мекемесі» атағы мен 17 млн. теңгенің грантын жеңіп алған Уваров орта мектебінде де болды. Бұл ақшаға мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылған екен. Алайда барлық мүмкіндікті толық пайдалануға интернет жылдамдығының әлсіздігі біршама кедергі келтіруде. Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова бұл мәселе ауылдағы мектептердің барлығына ортақ екенін жеткізді. Облыс басшысы А.Садықоваға мәселені шешудің жолдарын қарастыруды тапсырды.

Тарханкаға Үлбіден келер қауіп жоқ

Облыс басшысының жұмыс сапары Тарханка ауылында түйінделді. Үлбі өзенінің арнасы бұзылуы салдарынан зардап шегуі мүмкін үйлердің жағдайымен танысты. Аудан әкімі Қалихан Байғонысов өз бетімен ағып жатқан Үлбі өзені бірнеше жыл бұрын теміржолдың суағарына қауіп төндіргендіктен, бөгеу салынып, арнасынан сәл ауытқығанын айтады. Соның кесірінен Үлбінің суы Тарханка ауылының шетіне жақындай түскен. Жыл сайын жағасы опырылып, өзен арнасы мысықтабандап ауыл іргесіне жақындап келеді. Жағаны толық бекемдеу үшін 80 млн. теңгеден астам қаржы керек. Аймақ басшысы жобаны қолға алмас бұрын мұқият зерттеу жүргізіп, тиімді жолдарды қарастыру керектігін ескертті.

-Тарханканы өзен шайып кетуі мүмкін деген дауылдан шеткері жатқан 4-5 үйді қараусыз қалдырмаймыз. Менің ойымша, өзеннің арнасын бекемдеуге 100 млн. теңге шығындағанша, қауіп төнеді делінген бес үйдің иесіне ауылдың ортасынан жаңа үйлер салып берген әлдеқайда тиімді, - деді облыс әкімі.

Облыстағы барлық аудан орталықтары абаттандырылады


Тарханкалық Рустам Агаджанян үй жағдайында алабалық өндірісін қолға алыпты. Бұрынғы бақшасының орнына жабық кешен салып, ішіне хауыздар қазған кәсіпкер бетондалған хауыздарға Ресейден әкелінген алабалықтың уылдырығын өсіріп отыр. Келер жылы өсірген балықтарын нарыққа шығармақшы. Жобаға қыруар қаржымен бірге төрт жыл уақытын жұмсапты. Бүгінде ол екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Жоқтан бар жасап, үлкен тәуекелге барып отырған жас кәсіпкерге Даниал АХМЕТОВ қаржы қажет болса, «Даму» қоры арқылы жеті пайыздық несие алуға болатынын түсіндірді. 

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ауданның даму деңгейін оң бағалады. Әсіресе сүт өндірісін дамытудың өңірлік бағдарламасы жүйелі түрде қолға алынғанын атаған аймақ басшысы ағаш өңдеудегі мүмкіндіктерді пайдалануға күш салу керектігін айтты. 

-Ауданның әлеуеті өте зор. Соның ішінде ағаш өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік мол. Ол үшін инвестиция қажет. Биылғы инвестициялық форумда бұл мәселені шешуге күш салатын боламыз. Халықтан сүт қабылдау бойынша ауданда жұмыс дұрыс жолға қойылғанын көрдік. Жалпы, облыс көлемінде бұл жұмыс бір арнаға түсіп, негізі қаланды деп есептеймін. Ендігі міндет жергілікті сүт өндірісінен ұнтақты шикізатты ығыстырып шығару қажет. Оның орнын халықтан жиналған сүтпен толтыратын боламыз. Біз шаруалардың жұмысын жеңілдетуге барынша мүдделіміз. Өнім өндіруші адам оны қайда және қалай сату керек деген сауалдарға бас қатырмауы керек. Бұл мәселені шешу атқарушы биліктің міндетіне кіруі тиіс, - деді өңір басшысы. 

 

Есімжан Нақтыбайұлы

Суреттерді түсірген - Ғылымбек Сәбитов

"Дидар" газеті