27 мам, 2020 сағат 05:24

Нью-Йорк қор биржасы екі ай үзілістен кейін жұмысын бастады

Сейсенбі күні Нью-Йорк биржасы жұмысын бастады. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.

Сейсенбі күні екі айлық үзілістен кейін Нью-Йорк қор биржасы (NYSE) жұмысын қайта бастады. Сауда-саттықтың басталуын білдіретін қоңырау батырмасын Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо басты. Бұл ретте трейдерлер көптеген жаңа ережені сақтауы керек. 

Жұмысқа трейдерлердің тек төрттен бір бөлігі ғана орала алады. Олар биржаға жету үшін қоғамдық көлікті пайдаланбауы тиіс, маска киіп, әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтауы керек. Ғимаратта сондай-ақ, адамдарды бөлетін экрандар орнатылған. Бұдан басқа, биржада жұмыс істейтіндердің барлығының кіру кезінде дене қызуы өлшенетін болады. 

Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) карантиндік шараларды тым жылдам алып тастау, тіпті Covid-19 жағдайларының саны тұрақты түрде азайған елдерде де аурудың қайта өршуіне алып келуі мүмкін екенін тағы ескертті. 

ДДҰ Төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламалар жетекшісі Майк Райанның айтуынша, бірнеше айдан кейін әлем вирустың екінші шарықтау шегін көруі мүмкін. 

Соңғы аптада көптеген батыс елдері, ең алдымен Еуропа карантиндік шараларды әлсірете бастады. АҚШ-та кейбір штаттары да солай жасауда.