25 жел, 2019 сағат 09:20

Нығматулин: Президент Жолдауын заңнамамен толық қамтамасыз еттік

Президент Жолдауындағы бастамалар заңнамалық тұрғыда толықтай қамтамасыз етілді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірнеше күннен кейін біз жаңа 2020 жылды қарсы алатын боламыз. Жаңа жыл әрқашан да өткенге есеп беріп, болашаққа зор үміт және сенім арттыратын ерекше кезең. Әрине, біздің кезекті сессиямыз аяқталған жоқ. Бірақ өткен төрт айда атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, біз 30-дан астам заң жобасын қарап, мақұлдадық. Онда ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын күшейтуге ерекше назар аударылды. Соның арқасында тікелей әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар заңдар қабылданып, оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасалды», - Н. Нығматулин Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Осы орайда бұл жолда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген стратегиялық бастамалар басшылыққа алынғанын, сондай-ақ сессияның ашылуында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған мақсаттар басым бағыт болғанын атап өтті.

«Алдағы жылы да басталған жұмысты жалғастыратын боламыз. Осы сессия басталғалы Мәжіліс 77 заң жобасын жұмысқа алды. Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған барлық заң жобаларын уақытылы мақұлдадық. Осы арқылы Президент Жолдауын заңнамалық қолдауды толықтай қамтамасыз еттік», - деді Мәжіліс төрағасы.

Белгілі болғандай, Мәжіліс бюросы шешіміне сәйкес, депутаттардың өңірлерге сапарлары 2020 жылғы 5-14 қаңтар аралығында өтеді.