10 мам, 2018 сағат 14:43

Нұртөре Жүсіп. Соғыс салған сойқан

Біз соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бейбіт өмір бесігінде тербелдік. Тәуелсіздік тұсында өмір сүріп жатырмыз. Жыл сайын Жеңіс күні ғасыр парақшасына жасырынған сол соғыстың салқын лебін сезінеміз. Аталарымыз бен әкелеріміз қан майданда шайқасты. Көбі құрбан болды. Із-түзсіз кеткендер қаншама?! Аман оралғандар қазақты құрып кетуден сақтап қалды. Әр майдангер кемі 6-7 баладан ұрпақ өрбітті. Сол үшін де біз оларға қарыздармыз.

Екінші Дүниежүзілік соғыстың қазақ халқына бер­ген зардабы ауыр: майдан даласына өз еркімен ат­танған талай боздақ түтінсіз қалды, ерлік пен өрліктің үл­гісін көрсеткен азаматтар Кеңес одағы мен Шығыс Еу­ропа ел­дерінде мәңгілік жай тапты; соғыс қазақ демог­рафиясына сұмдық соққы жасады, 40-жылдардың орта тұсында 1 жарым миллионға дейін ойсырап қал­дық.

«Осы соғысты «болмаған, болса да бізге қатысы жоқ, қатысы болса да, қасиетсіз, «Ұлы Отан» деуге келмейтін, тек орыстарға апарып кіндігімізді жабыс­тыратын» дейтіндер шыға бастады» деп жазыпты қазақтың ойшыл ұлдарының бірі Мамай Ахетов өз парақшасында. Ал Түсіпхан Түсіпбеков: «Мен Ұлы Отан соғысы ардагерінің баласымын, сондықтан да әкеміздің аузынан сұрапыл соғыс жайлы әңгіме естігенмін. Соғыс деген – ел басына қасірет әкелетін зұлмат. Осы зұлмат соғыста жеңіске жеткен әкелерімізге ризамыз. Жеңістің аты – жеңіс. Сонысымен де Жеңіс күні ерекше қастерлі және ұлы мереке! Жеңіс күнін тойлай отырып, енді ешқашан да аспанымызды бұлт шалмасын деп тілейік! Келе жатқан Ұлы Жеңіс мере­кесі құтты болсын, ағайын!» деп өз көзқарасын біл­діріп­ті.

Расында, осы күні «аталарымыз босқа соғысты, бекерге құрбан болды, Жеңіс күнін атап өтудің түкке де қажеті жоқ, бұл – біздің соғыс емес, біздің жеңіс емес» деушілердің қатары көбейді. Олар Украина мен Өзбекстанды мысалға келтіреді. Майдангерлер құрметіне тұрғызылған ескерткіштердің қиратылуын жөн санайтындар да бар…

Біржақты пікір айту оңай. Өткенге баға беру тіптен оңай. Қалай бұлтарса да жоғарыдағыдай пікірдегі азаматтар фашизмге қарсы күрес дегеннің не екенін қайта бір қаперіне алса дейсің. Бұл – тарих! Тарих тақтайдай түзу жолдардан тұрмайды.

«Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың еш­қашан орындалмайтын елес идеологияларға шыр­ма­лып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өт­кен ғасыр­дың басты үш идеологиясы – коммунизм, фа­шизм және либерализм біздің көз алдымызда күй­ре­ді. Бүгінде ради­кал идеологиялар ғасыры келмеске кет­­ті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тік­­кен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақ­­ты мақсатқа жетуін көз­дейтін осындай бағдарлар ға­на дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бас­ты­сы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұ­қият ес­керуге тиіс», – деген Нұрсұлтан Назарбаев­тың аталы сө­зі естен шықпауы тиіс.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталы­ғының басшысы Берік Әбдіғалиұлы «Ұмытылған батырлар» туралы тамаша бастама көтерді. Екінші Дүниежүзілік соғыстың тарихында ашылмаған ақтаңдақтар бар. «Соғыс кезінде жүздеген қазақ Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Аталған марапат­қа екі рет ұсынылған жауын­герлер де бар. Әртүрлі себептермен ол атақты бер­меген. Ондай азаматтар көп. Мысалы, снайпер Төлеуғали Әбдібековті бәрі біледі. Ол 400-ге жуық дұшпанды өлтірген. Сосын танкист Жұмаш Ахметов бар. Былтыр ғана ондай азаматтар­дың саны 14-15 адам деп ойлағанбыз. Қазір біраз жаңа дерек шығып жатыр. Соған сәйкес, 100-ден астам жерлесіміз ерекше ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да мұндай атақты ала алмапты. Мұндай азаматтардың туған-туыстарын із­дестіру жұмыстарына «Нұр Отан» партиясы да атса­лысады. «Партия тізім бойынша барлық туыстарын анық­тауға көмектеседі. «Нұр Отан» партиясы өз филиалдары арқылы іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Бізде тізім де, әрбір адамның наградалық парағы да бар. Соның бәрін туған-туыстарына тапсырып, жергілікті әкімші­ліктерімен бірге олардың есімдерін есте қалдыруға атсалысамыз. Атын көшеге бере ме, мектепке бере ме, батырлардың есімдері ұмытылмауы тиіс» дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Осы ретте Ресейдің Жеңістің 70 жылдығы тұсында «Подвиг народа» атты сайт ашып, Ұлы Отан соғысына қатысқан кеңес әскерлерінің толық дерегін жинауға деген ұмтылысы еске түседі. Осы сайт арқылы бұрынғы КСРО бойынша миллиондаған адамның соғыс кезінде жасаған ерлігі мен олардың өмірбаяндық мәліметі жинақталды. Тап осындай мәліметтер базасын Қазақстан бойынша да жасау қажет.

Бұл – жас ұрпақ үшін керек. «Соғыс» деген сұмдық сойқанның бұлты қайта үйірілмесін. Қазақтың көрген қасіреті аз емес. Өткеннен сабақ алу еш уақытта кеш болмайды.

Нұртөре ЖҮСІП,

"Айқын" газеті