20 нау, 2018 сағат 08:48

Нұртөре Жүсіп. Өкпесіз өмір сүру

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамда­ры­ның бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сон­дықтан әрбір қазақстандық, сол ар­қы­лы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қа­сиет­терге ие болуы керек. Мысалы, ком­пью­терлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әр­кім­нің алға басуына сөзсіз қажетті алғы­шарттардың санатында» деп жазды.

Адамдардың бәсекелік қабілеті қай кез­де артады? Бүгінгі қазақ баласы Елба­сы­ның көрсетіп берген бағыт-бағдарына не­ге жаппай жұмыла алмай отыр? Осының се­бебін іздеп көрдік пе?
Ой дегенің – көк дөнен: осы сауалға жауап іздеп ары-бері шапқылайды, санаң­ды сансыратып сандалтады; көкейіңді тіл­гілеп, жанға маза бермейді; мардымды бір­деңе тапқандай боласың, лезде оның да тұғыры тілге тірек бола алмай қалады; ары ойлап, бері ойлап біздің бәсекелік қа­бі­л­етіміздің тұсаулы бір тұсы «осы біздің өк­пешілдігімізде жатқан жоқ па екен?» де­ген ойға табан тірейді.

Он төртінші қарасөзінде Абай атамыз «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шық­пайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Біздің қазақтың «жүректісі» мақ­тауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағ­дада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұ­рып алуға жараған, әділетті ақыл мо­йын­даған нәрсені, қиын да болса, мойын­дау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсені, оңай да болса, мойындамау – ерлік, ба­тыр­лық осы болмаса, қазақтың айтқан ба­тыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жү­рек­ті деген сөз» деп тұжырыпты.

Неге екенін қайдам, біздің қазақ жоқ жер­ден өкпелегіш, бар жерден базынашыл, пен­делік күйкі тірліктің тек көлеңке тұсын па­налағыш, біреу алға озып бара жатса, екін­шісі етектен тартқыш, байыбына бар­май жатып байбалам салғыш, біреуі жы­ғыл­са, жүзі күлгіш, қайда қарасаң да кілең біл­гіш келеді.

Анадан туғанда қолына өкпесін ұстап туған­дай ренжігіш, сол ренжігіштің арты «ал­дыңа келсе, атаңның құнын кешетін» кең­шілдікке емес, жүрек жібімес кекшіл­дік­ке, қатыгез қарымташылдыққа, балта­лы барымташылыққа ұласып кете беретіні несі?!

Озық елдердің қатарына қосылып, ол­жа салудың орнына орынсыз опыну, қара­дай жауығу, өлгенше өкпелесу, талғанша теп­кілесу жұрттың ғадетіне айналып бара жат­қандай…

Өкпе-реніштен арылудың жолы бар ма? Бар екен! Жақында ғана Атырау қа­ла­сын­да «Амал», жалпақ ұғыммен айтқанда «Кө­рісу» күні өтті. Еліміздің батыс аймақ­тарын­да ежелден аталып келе жатқан осы дәстүрлі мерекенің маған ұнаған жері – «Кө­рісу» кешірім атты шапағатты шараға тұ­нып тұр екен. Әр әулет үлкен үйге жи­налады, бар ағайын бір-бірімен көріседі; ал­қалы жиында ағайын арасындағы араз­дық­қа тоқтам, өкпе-ренішке кешірім жа­са­лады. Болды! Енді ешкім келген жыл бойы­на көңілінде дық, жүрегінде сыз, миын­да мұз сақтамайды. Қандай жақсы амал!

Осы «Амал» немесе «Көрісу» мерекесін жал­­пыұлттық сипатқа көшіру керек! Мұ­ны аталған батыс өңірде ғана емес, бүкіл Қа­зақстан бойынша атап өткен абзал. Бі­рі­мен-бірі ит пен мысықтай ырылда­сып, ай­тысып, тартысып, айқасып, арпа­лы­сып өмір сүріп жатқан қанша ағайын­ның өк­пе-ренішін ілезде тарқату үшін де Құ­дай – Тағала арнайы бір күнді белгілеп те қойып­­ты. Бұдан артық не керек?

Осыдан бірер жыл бұрын ел алдында бет­кеұстар ағаларымызды «Самарқанның көк тасы да еріді, сіз өзіңізбен ұстасып, ай­тысып-тартысып жүрген азаматты ке­ші­рер ме едіңіз?» деп сауалнамаға тартқан­быз. Сонда барлығы да бір ауыздан «өлсем де кешірмеймін» деген сөз айтқан…

Өлгенше өкпе-реніш арқалап жүру кім­ге жеңіл? Болар елдің баласы болмашы­ға неге араз, дүрдараз, күнде араз? Еріксіз ерін тістеп қалғанбыз…

Бір-бірімізге «болмасын» дегеннен ұлт ұта ма? «Болсын» дегенге бас ию сонша­лық­ты қиын ба?! Ұлтымыздың бәсекеге қа­­білеттілігі бойымызда өкпе-реніш, қа­ны­мызда қатқан кек тұрғанда қалай арта­ды? Рахым нұрынан неге үркеміз? «Әді­лет­ті ақыл мойындаған нәрсені» мойын­дамай­ты­нымыз қалай?!

Нұртөре ЖҮСІП,

"Айқын" газеті