07 сәу, 2018 сағат 06:35

Нұртай Сабильянов: Көзбояушылықпен жұмыс істегенді қою керек

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Аякөзге су тасқынынан зардап шеккеннен кейін араға екі апта салып қайта келгенде бірқатар кемшіліктердің беті ашылды. Апат орын алған 11 наурыздың ертеңінде-ақ жерлестерінің жанынан табылған депутат сол кезде апатқа ұшыраған 80 үйдің ешқайсын да назардан тыс қалдырмай, өзенге қосылып көз жастары көл болған әрбір отбасының жағдайын білгені расында да үлкен азаматтық болатын. Н. Сабильянов сол сапарында жай кетпей, апатқа байланысты ашылған «Аякөз болашақ» қорына өз қалтасынан 1 млн. теңге қаражат аударғаны да ауқатты болғандығынан емес, адам тағдырына бей-жай қарай алмай жаны ауыратындығын байқатқандай.

Алайда, депутат сол кезде Аякөздің «За линий» аталатын ықшамауданында елдің зарын тыңдап жүргенде жергілікті шенеуніктердің ешқайсы да бірге жүрмегені қынжылтады. Аудан  әкімі Бақытжан Байахметов бастаған шенділердің ол кезде қайда бас сауғалап кеткенін кім білсін, аудандық мәслихат хатшысы Сейілбек Ысқақовтан басқа ел азаматы төбе көрсетпеген. Жергілікті атқамінерлердің мұндай кеудемсоқтығы жақсылыққа апармайтынын естеріне салған Нұртай Салихұлы аудандық әкімдікте өткен жиында әкімінен бастап «Нұр отанның» жергілікті хатшысына дейін бір сілкілеп алды.

- Қызмет ешкімге мәңгілікке берілген жоқ. Ол орыннан ертең бәріміз де кетеміз. Бірақ, халықтың алдында жүзіміз жарық болсын. Өткен сапарымда таңнан кешке дейін жүріп 80 үйге түгел кіріп-шықтым. Біреуіңіз бірге жүруге жарамадыңыздар. Шенеуніктердің жартысы гуманитарлық көмек қабылдап жатқан қоймалардың, азық-түліктің басында жүр. Көзбояушылықпен жұмыс істегенді қою керек. Менің ісімді бұрмалап халыққа қарсы қойғысы келетін шенеуніктерге жол бермеймін. Амангелді көшесі, 66 үйде тұратын 7 баласы бар, жары қайтыс болған азамат апаттан үйі құлағалы екі аптадан асты. Әлі үй ала алмай жүр. Паналап отырған интернаттан да қуып шыққансыздар.

Осылайша аудан басшылығына қарата қаһарлана сөйлеген Сабильяновқа төрдегі шенеуніктердің ешқайсы да «бұлай болуы мүмкін емес, өйтіп жүргеніміз жоқ» деп қарсылық білдіре алмады. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деді ме, әкім Б.Байахметов пен қарамағындағылар депутаттың кемшіліктерін беттеріне басқан сөзін мойындаған сыңай танытты. Аудан басшысы жеті баласы бар әлгі азаматтың үй мәселесінің шешілуін өзіне жауып құтылды. Яғни, ол әкімге құлаған үйінің орынына үй салып беруін өтінген. Онсыз да тасқын селден көз ашпаған жерге барып, қайтадан баспанасын тұрғызу қисынға келмейтінін айтып ақталған әкім оның далада қалмайтынына сендіруге тырысты.

Пайданы қуған Хамит

Ең сұмдығы үйлері қирап, баспаналарынан айырылған жұртты Хамит Мұхамеджанов деген әлдебіреу экпсерт маман болып көрініп, сергелдеңге түсірген. Яғни, бірқатар үйлерге барып, келген шығынды есептеп берумен жалғыз өзі айналысқан. Онсыз да қайда тығыларын білмей пұшайман халде отырған отбасылар Хамиттің мұндай іспен айналысуға құқы бар ма, жоқ па, оны сұрауға да мұршасы болмапты. Хамиттің заңға томпақ келетін ісін жергілікті әкімдік білсе де оған өздері сенім артқандықтан, «қызметіне» шектеу қоя алмағаны тіптен таңқалдырады. 

- Халық қазір эксперт деген кім, бағалаушы деген кім білуден қалды. Өйткені, осы қызметтің атын жамылып әркім келіп бір тексеріп кететін болды. Шын мәнінде мұндай апаттан жарамсыз болып қалған үйлерді тексеріп, тиісті қорытындысын шығарумен жалғыз адам емес, эксперттік компаниялар айналысады. Ол компанияның алдымен лицензиясы, зертханасы, құрал-жабдықтары болуы керек. Осы тұрғыда ғана қазір бірнеше эксперттік компания Аякөзде жұмыс істеп жатыр, Ал Хамит сияқты жеке-дара жүретіндер қора-жайды ғана тексере алуы мүмкін. Бірақ, әрбір үйлерді аралап көруіне құқы жоқ, - дейді Мәжіліс депутаты Н. Сабильянов.

Жұртты алдаған Хамит Мұхамеджанов бұл жиында көрінген жоқ. Сірә, өтірігі әшкере болғанын өзі де сезсе керек, із суытып кеткендей таптыра қоймады. Ал аудан әкімі Б. Байахметовтің оған сеніп қалғандығын мойындап айтқаны тіптен, таңқалдырады. Білдей аудан  әкімінің өз жерінде, апат болған төңіректе кімдердің қалай сайран салып жүргеніне мән бермегені де аякөздік шенеуніктердің көп нәрсеге салғырт, көз жұма қарайтындығын аңғартқандай.

Осылайша баспанасын су шайып кеткен тұрғындарды одан бетер сергелдеңге түсірген Хамиттің қызметі үшін кейбір отбасылардан ақша дәметкені де осы жиында айтылып қалды. Дегенмен, «өтіріктің құйрығы бір тұтам» дегендей депутат Н.Сабильяновтың дер кезінде араласуы нәтижесінде Х. Мұхамеджанов «тындырған істері» бойынша заң алдында жауап беретін болды. 

Жалпы, Аякөз қаласының апаттан көп зардап шеккен «За линий» ықшамауданында тұратындардың дені – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар. Кейбірінің қолында мүгедек баласы бар болса, енді бірі көп балалы жалғызбасты ана. Үйі құлағандардың бірі өз қалауындағы сатылатын үйді тапқанымен, оны алуға әкімдік беретін қаржының жетпейтінін айтты. Яғни, біреудің мұқтаждығы біреудің пайдасына көрініп, 3,5 млн. теңгеге сатқалы отырған баспанасын 4 млн. теңгеге, 4 млн теңгенің үйін ұсынатындар үстіне тағы 500 мың теңге қосып, бағаны шарықтатуға көшкен.

Мәжіліс депутаты Н. Сабильянов халық қиналып жүргенде үйін саудалап пайда тапқысы келетіндерді жөнге келтіріп, шешім қабылдау қажеттігін аудан басшысына қадап айтты.

№2 мектепте өткен кездесуде де сөз алған тұрғындар апат болып өткелі бері тиісті жұмыстардың сылбыр жүріп жатқанына сын айтты. Мәслен, үй алғандардың қатарынан табылған Көгершін Қуанышбаева әлі күнге дейін берілуге тиіс жаңа баспанасына кіре алмай отыр екен. Себеп, әкімдік есепшотына үш бөлмелі үй алуына қажетті 4 млн. теңге түспеген. Соның салдарынан басқа жақтағы жұмысына да кете алмай отырған келіншек үйінің кілтін қашан аларын білмей дал. Желтоқсан көшесінде тұратын қарт ана Күлшира Исадилова төгілген қоқыс пен нәжістен құтыла алмай отырғанын айтып шағымданды. Көше бойын тазалауға әкімдік талай уәде бергенімен, әлі күнге дейін орындамаған. Өзінің екі баласы қайтыс болғанын да айтып егілген ана әкімге қаратып «Шындықты айтсаң кісі салады» деп налығанын жасыра алмай қалды.

«Өзіме қол жұмсағаннан басқа амалым қалған жоқ»

Дәл осы кездесудің соңын ала сөз алған көп балалы жас ана Әсел Құттыбаеваның жылап тұрып айтқан сөзі жүрек шымырлатты.

- Мен қос дипломы бар, жоғары білімді маманмын. Бірақ, әлі күнге дейін мамандығыма сәйкес бухгалтерлік жұмыс таба алмай жүрмін. Өйткені, аудандағы 23 ауылдық округтің бәрінде аудан басшылығында істейтіндердің жақындары отыр. Бос орындар бар екенін біліп барсам, «кім келетінін дайындап қойды» деген жауапты талай естідім. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің жетекшісі Ахметжанова жұмыс сұрап аудан әкіміне кіріп-шыққаным үшін қоқан-лоққы көрсетті. Өскеменге барып, бос орынға тест тапсырып, тиісті сұрақтарға дұрыс жауап берсем де өте алмадым. Бес балам бар, біреуі мүгедек. Мен осылай жүре берем бе? Шынымды айтсам қазір өз-өзіме қол салуға шақ қалып жүрмін, - деп ашына жылаған Әсел бұдан ары шыдай алмай көз жасын төгіп залдан шығып кетті.

Міне, біз куә болған осы көріністің өзі-ақ Аякөз ауданында қаншама тағдырлардың тығырыққа тірелгендігін тағы да дәлелдеп тұрғандай. Жұмыссыздық жүйкесін жұқартқан ананың күйінгеннен жылап шағымданғанына күмән жоқ. Ал аудан атқамінерлерінің бала-шағасын асырауға ұмтылған маманды қолдаудың орнына оған қоқан-лоққы көрсеткені ақылға сыймайтын жағдай.

Жиындағы мәселелерді қорытындылаған сөзінде Н. Сабильянов егер Ә. Құттыбаеваның аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы тарапынан қудалау көріп жүргені рас болса, мұны мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің назарына ұсынып, шікірейген шендіге заң аясында шара қолдану қажеттігін айтты. Депутаттың дегеніне қарап таяқтың бір ұшы өзіне тиетінін сезді ме, аудан әкімі Б. Байахметов те дереу сөз алып, Әселді жұмысқа орналастыруға уәде берді. Әкімнің мұнысына қарап мамандар жылап-сықтап шағымданбаса жұмыс табылуы екіталай екенін аңғарғандай болдық. Айтпақшы, уәде берген әкімді жиын біте салысымен, шығар есіктен күтіп алып, Ә.Құттыбаеваның нақты қашан жұмысқа орналасатынын сұрауыма тура келді. Әкім Байахметов кабинетіне барып, алдымен қай жерде бухгалтер маманына бос орын бар соны қарап көру керектігін айтып шыға келді. Ал өзінің қарамағындағы экономика және қаржы бөлімінің меңгерушісі А. Ахметжанованы Құттыбаева айтқандай, қоқан-лоққы көрсететіндей адам емес екендігін, «тек Әсел ашу үстінде айтқан болуы мүмкін» деп оны қорғағысы келетін сыңайын байқатып қалды.

Жерлестерімен кездесіп, орын алған кемшіліктер мен шешілмей жүрген мәселелерін өзіне түртіп алған депутат Н. Сабильянов айтылған жайлардың ешқайсы да назардан тыс қалмайтынынжеткізді.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облысы