28 қар, 2018 сағат 09:58

Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VIII Азаматтық форум басталды

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан VIII Азаматтық форумға мыңнан астам делегат қатысып отыр. Бұл туралы Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев мәлімдеді.

«Елбасының Азаматтық форумға қатысуы жиынның маңызы мен мәртебесін еселеп отыр. Бұл мемлекет пен қоғам үшін де, азаматтық сектор үшін де үлкен оқиға. Бұл форумға Елбасының саясатын қолдайтын, елдің жарқын болашығына сенетін азаматтардың форумы десе де болады. Мұндай кездесулер халықты, азаматтарды қанаттандырып, олардың қызметтеріне, жоба-жоспарының табысты жүзеге асуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Президенттің бастамаларын лайықты іске асыруда Қазақстанның азаматтық секторының рөлі аса маңызды. Елбасы өзінің «Қазақстанның әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың отанымыздың өркендеу жолында маңызын жете түсіндіруі тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамның ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. Бүгінгі Азаматтық форум дәл осы мақсатты көздейді», - деді министр.

Кәлетаев бұл форумның маңызы да, мазмұны да ерекше екенін атап өтті.

«Азаматтық форум алғаш рет осындай ауқымда, панельдік сессияларды жүйелі ұйымдастыру өтіп жатыр. Екі күнде пікірталас жасауға, пікір алмасуға арналған 35 диалог алаңы көзделді. Форумға қатысушылар саны рекордты көрсеткішке жетті. Форумға еліміздің азаматтық секторының мыңнан астам өкілі делегат ретінде қатысып жатыр. Қарқынды күнде дамып келе жатқан Қазақстанның үкіметтік емес секторы қоғамдық прогресстің қозғаушы күші, жағымды өзгерістердің бастамасына айналды», - деді ол.

Аталған шараның мақсаты – азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының ашық диалогын дамыту.

VІІІ Азаматтық форумның күн тәртібіндегі негізгі мәселесі - азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Тұжырымдама жобасын талқылау.

Шара барысында әлеуметтік (ҚР БҒМ, ДСМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) және экономикалық салаға жауапты министрлермен (ҚМ, ҰЭМ, АШМ), құқық қорғау органдарының өкілдерімен қоғамның өзекті мәселелері талқыланбақ.

VIII Азаматтық форум аясында семинарлар, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, мүдделі ведомстволар басшыларымен салалық кездесулер түріндегі 35 тақырыптық сессиялар өткізу жоспарланған.

Форумда «Адамдар» (People)», «Планета» (Planet), «Өркендеу» (Prosperity), «Әлем» (Peace), «Серіктестік» (Partnership) атауымен 5 панельдік сес¬сия өтеді. Аталған сессиялар БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының құрамына кіретін тиісті мақсатты топтарды қамтиды.

Жиын бүгін де жалғасын тауып отыр. Бүгінгі шара негізгі пленарлық оты-рыспен басталып, үкіметтік емес ұйымдарды марапаттау рәсімімен аяқталмақ.