04 сәу, 2020 сағат 06:56

Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық жағдайы жақсы, ел игілігі үшін жұмысын жалғастыруда – Айдос Үкібай

Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ел ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық жағдайына қатысты тараған қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кеше Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар өңір әкімдерімен телефон арқылы сөйлесті. Осы орайда бірінші кезекте, төтенше жағдай кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерінің талқылануы қалыпты жағдай. Қатаң карантиндік талаптар аясында Елбасының жұмыс кабинетіне кіру тұрғысында да шектеу бар екенін түсіну керек. Алайда шектеуге қарамастан, баспасөз қызметі Тұңғыш Президенттің қызметі туралы халықты дер кезінде ақпараттандыруға тырысуда», - деді Айдос Үкібай. 

Осы орайда ол баспасөз қызметі бұған дейін тараған қауесеттерге шолу жасап, оларға қатысты пікір білдірмегенін атап өтті. 

«Дегенмен соңғы кездері жекелеген адамдар елдегі жағдайды тұрақсыздандыру бойынша белсенді әрекеттер жасауда. Оның ішінде Елбасының денсаулығына қатысты шындыққа жанаспайтын қауесет таратуға тырысуда. Осының барлығы - арандату мен жалған ақпарат», - деп атап өтті баспасөз хатшысы. 

Осы орайда А. Үкібай Тұңғыш Президенттің денсаулық жағдайы жақсы екенін, сонымен қатар Елбасы Отан игілігі үшін карантин кезінде де жұмыс жалғастырып жатқанын қадап айтты. 

«Егер де біреудің күмәні болса, кеше Елбасы сөйлескен әкімдердің кез келгенінен сұрасын. Енгізілген шектеулердің барлығы тоқтаған кезде, Тұңғыш Президенттің қатысуымен өткен жұмыс кездесулері немесе кеңестерден видеожазбаны жеке өзім жасауға уәде етемін», - деді Айдос Үкібай. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы өңір әкімдерімен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету дайындығын талқылады.