15 қаз, 2018 сағат 19:24

Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары

Сапар аясында Қазақстан Президенті өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Елбасы «DaruZharygy» ЖШС офтальмология орталығына барды, онда жаңа клиниканың емханалық, диагностикалық және стационарлық бөлімшелерін, лазер орталығы мен ота жасау бөлімін аралап көрді, сондай-ақ көзге ота жасауға арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев өңір тұрғындарына шет елдерге бармай-ақ, еуропалық деңгейдегі жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмек алуға мүмкіндік беретін мұндай нысандарды іске қосудың маңыздылығын айрықша атап өтті.

Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау саласына үнемі көңіл бөліп, тиімді әлеуметтік саясат жүргізіп жатқаны үшін Президентке алғыс білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Астана қаласында салынатын алғашқы медициналық оңалту орталығының макеті таныстырылды.

«DaruZharygy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында австриялық компаниямен бірлесіп салған өңірдегі ірі офтальмология және көз микрохирургиясының орталығы. Жоба құны – 3,2 млрд теңге. Клиника Еуропада шығарылған медициналық құрылғылармен жабдықталған. Стационар 60 адамға арналған, емхана күніне 500 адам қабылдай алады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Аяла» балаларды сауықтыру орталығына барды.

Елбасы церебральді сал ауруымен, аутизммен, нейро-ортопедиялық патологиямен ауыратын балаларға арналған заманауи технологиялар мен стандарттары бар әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту бағдарламаларымен танысты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Бақытты бала» облыстық жобасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде мәлімделді. Жоба аясында ерекше мұқтаж балалар үшін арнайы коррекциялық балабақша, психологиялық және медициналық-педагогикалық консультация беретін орындар, «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагері ашылды. Аудандардағы психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеттері және Ақтөбе қаласының орта мектептерінде инклюзивті білім беру ісін дамыту жөніндегі ресурсты кабинеттер жасақталып, жұмыс жүргізуде.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Ақтөбе мыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған орталық Швейцария, Чехия, Польша және Ресейдің заманауи құралдарымен жабдықтаған.

Бұдан өзге, Елбасы мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында Словакия инвесторларының қатысуымен салынған қаладағы жаңа Мұз сарайына барды.

Қазақстан Президенті жас хоккейшілерді және барша ақтөбеліктерді Мұз сарайының ашылуымен құттықтап, шайбаға естелік қолтаңба қалдырды.

Жалпы аумағы 8 500 шаршы метр болатын спорт кешені жыл бойы хоккейден, шорт-тректен, мәнерлеп сырғанаудан, баскетболдан, шағын футболдан, бокстан, үлкен теннистен, гимнастикадан кәсіби жарыстар өткізуге, сондай-ақ конькимен жаппай сырғанауға мүмкіндік береді. Арена 2500-ден астам көрерменге арналған.

Сонымен қатар, Елбасы мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында салынған «ACE Tennis Center» спорт кешенінің жұмысымен танысып, өңірлерде осындай спорт инфрақұрылымдарының ашылуы салауатты өмір салтын насихаттауға және елімізде теннистің даму деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев жас спортшылармен әңгімелесіп, теннис добына естелік қолтаңба қалдырды, сондай-ақ осы орталықтың қонақ үй кешені мен басқа да орындарын аралап көрді.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті «Ақтөбе» индустриялық аймағына барды. Мемлекет басшысына индустриялық аймақта іске асырылып жатқан жобалар, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарын цифрландыру және технологиялық тұрғыдан жаңғырту, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін атқарылған жұмыстар туралы мәлімделді.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.

«Есепті кезеңде әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсу қарқыны сақталып отыр. Өнеркәсіп өсімі – 105,7%. Жалпы, қаңтар-қыркүйек айларында өндірілген өнімнің құны 1,3 трлн теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 167,3 млрд теңгені немесе 104%-ды құрады. Осы айда 85 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 22,1%-ға артық. Биылғы 9 ай ішінде 318 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды», — деді Б. Сапарбаев.

Сонымен қатар, өңір басшысы негізгі мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде «Бес әлеуметтік бастаманың» жүзеге асырылу барысы жөнінде есеп берді.

Баяндаманы тыңдаған соң, Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арналған жолдауды тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, облыстағы орташа жалақыны өсіру, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және өңірдің, әсіресе Ақтөбе қаласының экологиялық ахуалын жақсарту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.