20 там, 2018 сағат 13:06

Нұрсұлтан Назарбаев Кофи Аннанның туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришке осы ұйымның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Кофи Аннан халықаралық деңгейдегі танымал саясаткер ретінде бүкіл ғұмырын әлемде тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға арнады.

Осыдан біраз жыл бұрын Кофи Аннан сынды парасатты, адал әрі мейірбан тұлғамен таныстым. Жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне қатысты ұстанымдарымыз ұқсас болатын. Мен әлі күнге дейін кездесулеріміз бен өзара әңгімелескен сәттерімізді жылы сезіммен еске аламын», - делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан К.Аннанның туған-туысқандары мен жақындарына, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымына көңіл айтты.