01 мам, 2019 сағат 10:54

Нұрсұлтан Назарбаев: Біз – бақытты халықпыз

Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған шараға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Тұңғыш Президент елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде барша жұртты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

– Бабаларымыз бірліктің арқасында барлық қиындықты еңсеріп, біз үшін осындай Ұлы даланы сақтап қалды. Біз бірге олардың арманын орындап, тәуелсіз Қазақстанды құрдық, – деді Елбасы.

Ол заманауи Қазақстан барлық жетістікке қоғамдағы бірліктің арқасында қол жеткізгенін атап өтіп, бәрін бейбіт өмір мен тұрақтылықты бағалауға және сақтауға шақырды.

– Біз – бақытты халықпыз. Бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек. Даму бағдарламаларымызды жүзеге асыру еліміздің болашағын одан әрі жарқын ете түседі, – деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемде этносаралық қақтығыстардың салдарынан туындайтын қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге тоқталды.

– Әр үйге, әр отбасына береке, бақыт, амандық және ертеңгі күнге деген сенімділік тілеймін. Мейрамдарыңызбен! – деп түйіндеді Елбасы.