#
#
Сейсенбі 21/11/2017

«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы туралы 5 сұрақ

  • 14.11.2017
  • 0
  • 935

Баспаналы болсам дейтін адам көп. Біреу үйді ақша жинап алады, біреуге мұраға қалады, енді бір жандар түрлі жобалардың көмегіне жүгінеді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы – осындай мүмкіндіктердің бірі. Бұл бағдарламаны жүзеге асырып отырған ұйымдардың арасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» де бар.

Бұл мақалада біз осы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Нұрлы жер» бойынша үй алу туралы ең өзекті 5 сұраққа жауап ұсынып отырмыз.           

Пәтердің бағасы қанша?

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілетін пәтер бағасы еліміздің барлық аймағында бірдей емес. Мәселен, Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында пәтердің 1 шаршы метрінің құны 180 000 теңгеге дейін жетсе, өзге аймақтарда бұл баға 140 000 теңгеге дейін барады. .

Бағдарлама аясында жаңа пәтерді кімдер алады?

Бағдарламаның «Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы кредиттік баспана салу» бағыты бойынша жаңа үйлерді тұрғызу істерін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Бағдарлама аясында салынған пәтерлердің кем дегенде 50%-ы жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында таратылады. Ал қалған пәтерлер кезекте тұрмаған ТҮҚЖБ салымшылары арасында үлестіріледі.  Алайда, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспанаға ие болу үшін әкімдікте кезекте тұрған азаматтар да ТҮҚЖБ-да шот ашып, сол шотқа ақша жинауы керек. Сонымен қатар, байқауға қатысушы Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман статусына ие болуы тиіс. Қатысушының немесе әрдайым онымен бірге тұратын отбасы мүшесінің Қазақстан Республикасы аумағында жеке баспанасы болмауы шарт. Байқау барысында қатысушының соңғы бес жыл ішінде тұрғын үй жағдайын қасақана нашарлатқаны туралы ақпарат беретін деректер де болмауы керек. Және басты талаптардың бірі – жаңа баспананың иесі атанғысы келетін тұрғындардың төлем қабілеттілігіне ие болуы.  

Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандар жайлы ақпартты қайдан алуға және өтінішті қалай беруге болады?

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандар туралы толық ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл – тұрғын үйді үлестіру кезіндегі әділдікті сақтап қалу және пайдаланушыларға ыңғайлы қызмет көрсету үшін жасалған портал. Сайтта қолжетімді баспананың иесі атанғысы келетін клиент үйде отырып-ақ бірнеше қадамды орындай алады. Мысалы:

– өзі алғысы келетін пәтер орналасқан қаланы таңдау;

– қандай нысандардың құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын және клиенттерден түсетін өтініш қашанға дейін қабылданатынын анықтау;

– ұнаған пәтерді таңдау;

– пәтер сатып алушылар пулына қатысу үшін өтініш жазу.

Әдетте, салынып жатқан нысанға қатысты өтініштерді қабылдау сол нысанның құрылыс жұмыстарының аяқталуына бірнеше ай қалғанда жарияланады. Пулға ТҮҚЖБ-нің кез келген клиенті қатыса алады. Дегенмен, тұрғын үй тек мемлекеттік бағдарламада көрсетілген талаптардың барлығын орындап, максималды ұпай жинаған азаматтарға беріледі. Ұпай саны есепшотты толтыру мерзімі мен депозиттің ашылған уақытына байланысты. Яғни, депозит ертерек ашылып, оған уақытылы төлем түсіп отырса, клиенттің ұпайы әлдеқайда көп болады. Клиенттердің ұпай санын арнайы бағдарлама есептейді. Бұл байқау барысының барынша әділ болуын қамтамасыз етіп, ешбір сыртқы факторлардың ықпал етпеуі үшін қажет.

ТҮҚЖБ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілетін несиелерге қандай талап қояды?

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін тұрғын үй несиелеріне қатысты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өзіндік талаптары бар.  Мысалы, алдын ала тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігіне ие болу үшін пәтер сатып алушылар пулына өтініш жіберген салымшының жеке есепшотында келісілген бағаның кем дегенде 30%-ы жиналуы керек. Мұндай жағдайда тағайындалатын сыйақының жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Сонымен қатар, пәтер тек депозитті ай сайын толытырып отырғандарға емес, есепшотына бірден қомақты қаржы салған азаматтарға да беріледі.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шот ашу үшін не істеу керек?

Негізінде, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шот ашу оп-аңай. Ол үшін жақын маңдағы банк бөлімшесіне бару керек.  Уақытыңыз тапшы болса, банк кеңесшісін үйіңізге немесе жұмысыңызға шақырта аласыз. Бір қуантарлығы, 2017 жылдың сәуір айынан бастап депозит ашқаныңыз үшін комиссия төлемейсіз. Әрі қаражат жинақтау барысында салымшының есепшотына 2% көлемінде банктен сыйақы беріледі. Оған қоса, жыл сайын мемлекет 200 АЕК-тен (немесе 453 800 теңгеден) аспайтын сомаға 20% сыйлықақы тағайындайды. 2017 жылы мемлекеттік сыйлықақының максималды мөлшері 90 760 теңгеден аспайды.

Тағы айта кететін бір жайт бар. Қажетті соманы мейлінше тез жинау үшін отбасының әр мүшесіне жеке есепшот ашуға болады. Себебі, мұндай жағдайда мемлекеттік сыйлықақы әр шотқа бөлек тағайындалады. Ал сатып алушылар пулынан өту кезінде бұл шоттарды біріктіруге болады. Нәтижесінде, сіз қажетті ақшаны тез әрі әлдеқайда тиімді етіп жинай аласыз.

Көріп отырғанымыздай, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа пәтер иесі атану  қиын емес. Бастысы, бағдарламада көрсетілген талаптарды орындасаңыз болғаны.

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар