18 қаз, 2017 сағат 10:35

Нұрлан Нығматуллин Қаржы министрінің жауабына қанағаттанбады

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың квазимемлекеттік секторға салынған қаржы қайтарымының көлемі туралы сұраққа берген жауабына көңілі толмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Квазимемлекеттік секторға көптеп қаржы салынса да, неге Ұлттық қорға бар-жоғы 7,5 млрд теңге қайтқан? Оның үстіне, Қаржы министрлігінің деректері бойынша барлық негізгі жетекші компаниялар, оның ішінде Қазақстанның құрылыс жинақ банкі, "Эйр Астана", "ҚТЖ" 2020 жылға дейінгі аралықта жекешелендіріледі", - деген сұрақ қойылды Қаржы министріне ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" ҚР Заңы жобасын талқылауда.

Жауап ретінде Сұлтанов бірқатар статистикалық деректерді келтірді.

«Бүгінде кешенді жоспар бойынша шамамен 113 миллиард теңгеге 291 нысан сатылды. Оның ішінде республикалық меншік бойынша - 8 миллиардтан астам теңгеге 23 нысан, коммуналды меншік бойынша 33 млрд теңгеге 162 нысан және квазимемлекеттік сектор бойынша 70 млрд-тан астам теңгеге 106 нысан сатылды. Егер нысан республикалық меншік бойынша болса - қаражат республикалық бюджетке түседі, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес ұйымдарын сатудан түскен қаражат сәйкес компаниялардың есепшоттарына түскен", - деді министр.

«Биылғы көктемде бюджеттік заңнамаға түзетулер енгізілді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы жекешелендіруден түсетін қаражатты Ұлттық қорға жіберу туралы тапсырма берді және қазіргі уақытта Үкіметтің барлық сәйкес қаулылары бар", - деп толықтырды ол.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің бұл жауапқа көңілі толмады.

«Сөзіңізде іліп алар ештеңе жоқ! Дұрыс жауап беріңіз немесе мүлдем жауап бермеңіз, министр мырза! 2014 жылдан бері квазимемлекеттік сектор 680 млрд теңгеге толықтырылған. Жекешелендіруден 7,5 миллиард теңге қайтқан, осыған қатысты пікір білдірсеңіз. Үкіметтік әріптестер, бүгінгі жұмыс күнімізді ұзартайық па? Нақты сұрақтар бойынша жұмысқа көшейік. Жауаптан сытылып кетем деп ойламаңыздар", - деді ол.

Сұлтанов қойылған сұраққа тағы да жауап беруге ұмтылды және бұл жауабы көңілден шыққан тәрізді.

«Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат, оның ішінде дағдарысқа қарсы және инфрақұрылымдық даму бағдарламаларын қаржыландыру мақсатында Ұлттық фондтан бөлінген мақсатты трансферттер қаржысы нақты жобаларға салынды. Жекешелендіру жүргізілген кезде - негізінен бейінді емес активтер және ұлттық холдингтер мен компаниялардағы нақты ұйымдар жекешелендіріледі. Сомалары салыстыруға келмейді. Бөлінген қаражаттың барлығы нақты жобаларда бөлінген және сонда жүзеге асырылып жатыр", - деп түсіндірді ол.    

«Нақты жауапқа жақындадыңыз...», - деп қысқа қайырды Мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" ҚР Заңы жобасы талқыланып, мақұлданды. ҚР Экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, 2020 жылдан бастап Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 880 млрд. теңгеге қысқарады.