03 қыр, 2018 сағат 08:51

Нұрлан Қабдай - «Әдебиет» порталының бас редакторы

Танымал жазушы-журналист Нұрлан Қабдай «Әдебиет» порталының бас редакторы болып тағайындалды.

«Қазконтент» Акционерлік қоғамына қарасты «Әдебиет порталы» интернет-жобасына жаңа басшы келді.  Бұл қызметке бұған дейін бірнеше басылымда жемісті еңбек еткен қарымды журналист, белгілі қаламгер Нұрлан Қабдайұлы тағайындалды.

Нұрлан Қабдай 1983 жылы 22 қыркүйекте туған. 2002-2006 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыған.

«Дала мен Қала», «Азамат.кз», «Ақ жол Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Қазақ радиосында» жұмыс істеген. Бүгінге дейін «Хабар» телеарнасында редактор болып еңбек етті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Жастар кеңесінің мүшесі.

Айта кетсек, «Әдебиет порталы» Интернет-жобасы - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен «Қазконтент» Акционерлік қоғам тарапынан әзірленді. Интернет желісіндегі өз бағыты айқын бұл бірегей жаңа жоба – қазақ елінің мәдени, тарихи және әдеби мұрасына қызығушылық танытатын әлемнің түпкір-түкпіріндегі интернетті белсенді пайдаланатын көзіқарақты оқырман қауымның басын біріктіретін онлайн әдеби платформа.

Ұлт порталы ұжымы Нұрлан Қабдайды жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтай отырып, еңбекте жеміс, шығармашылық табыстар тілейді!