27 нау, 2017 сағат 10:13

Нұрлан Алдабергенов премьер-министр кеңсесінің жетекшісі болып тағайындалды

Нұрлан Алдабергенов Қазақстан Республикасы премьер-министр кеңсесінің жетекшісі болып тағайындалды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz

Нұрлан Шәдібекұлы Алдабергенов 1962 жылы 19 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы сәулет-құрылыс институтын, В.В.Куйбышев атындағы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының аспирантурасын, Д.А.Қонаев атындағы университетті бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

1996 жылдан Алматы қаласы бойынша Баға және монополияға қарсы саясаты комитеті төрағасының орынбасары. 1999 жылдан - Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің директоры. 2004 жылдан - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары. 2007 жылдан - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы. 2012 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі болған.

"Құрмет" орденімен, "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" медалімен марапатталған.

Айта кетейк, бұған дейін ҚР премьер-министр кеңсесінің жетекшісі қызметін Ерлан Қошанов атқарған. Ол Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалған еді.