#
#
Cәрсенбі 22/08/2018

Нұркен Әшіров: Күйшілер одағын құру мәселесі қолдау тапса

  • 14.06.2018
  • 0
  • 2030

Кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жағымды жаңалық көпшілік тарапынан қызу қолдау тауып, айрықша ілтипатқа ие болды. 

1 шілде күні, сағат 11.30-12.30-да еліміздің бас­ты алаңы «Қазақ елі» мону­менті­нің алдында, домбыра думаны басталмақ. «Ұлттық дом­быра күні» мейрамы деген ат беріліп, айдар тағылған ала­ман жобада дәулес­кер күші Секен Тұрысбек, ақтаң­гер әнші Бекболат Тілеухан бас­та­ған, Мейрамбек Бесбаев, Асыл­бек Еңсепов, Айгүл Үлкен­баева, Болат Мажағұлов сынды өнер майталмандарымен бір­ге қазақ даласы домбыра үні­не бөлен­бек.

Осы орайда, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы филармонияның солисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші Нұркен Әшіровті сөзге тартқан едік. Мархабат!

- Нұркен мырза, шырайлы шілденің алғашқы жұлдызында өткелі жатқан «Ұлттық домбыра күні» мейрамының халық үшін, оның ішінде жаңа талап жас буын үшін берері не?

- Әрине, біздің ұлттық аспабымыз, ұлттық брендіміз домбыраны ұлықтап, осындай мереке жасап жатқандары өте қуантарлық және құптарлық жағдай. Бұл біздің домбырашылырдың, күйшілердің көкейінде жүрген мәселе еді. Жалпы, Қазақстанның әр аймағында домбырашылар мен қылқобызшылар баршылық. Бір кездері солардың бәрінің босын қосу үшін «Күйшілер одағын» құру туралы ой пайда боп, оның алғышарттарын жасап та үлгергенбіз. Әрі қарай Шәміл, Жарқын ағаларымызға ұсыныс та тастағанбыз. «Өздеріңіз бастап берсеңіз, біздер істі жалғастырып кетеміз» деп өтініш жасадық. Хат жазылып, ар жағы аяқсыз қалғандай болып тұрғанда, міне, осындай ауқымды жоба қолға алынып жатыр. Бұл енді тек бастамасы деп ойлаймын. Жалпы, біз «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деп жатамыз. Сондықтан ұлт боламыз десек, алдымен тіліміз, өнеріміз бен мәдениетімізді түгендеп, құнттап жүргеніміз абзал. Бұл бастама – болашаққа бастар үлкен қадамдардың бірі деп қабылдайық, ендеше. Бұйыртса, өзіміз де қатыссақ деп ниеттеніп жатырмыз.

- Қазақ қуанса да, қайғырса да домбыраға қол созған, жан дүниесіндегі аласапыран сезімдерді күймен тербеп, жұбатқан. Қанында да, жанында да күй ойнаған ұлт бүгінгі күні өзінің төл өнерін қаншалықты дәріптей алып жатыр?

- Дәріптелу жағына келер болсақ, аузы толтырып айтарлықтай керемет деп айта алмас едім. Өйткені эфирдің бәрін арзанқол дүниелер, татымсыз шоулар мен арзан өнерді насихаттайтын әншісымақтар жаулап алды. Көрермендер тарапынан қолдау тапты ма, таппады ма, мемлекеттік арналарға пайда әкелді ме, әкелмеді ме – білмеймін. Бірақ бізге дәстүрлі музыкамызды, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын кешегі «Алтыбақан» сынды бағдарламар керек деп есептеймін. Өйткені бұл да – елдің ұлттық идеологиясының бір ұстыны. Сөзсіз, дәріптелу жағы бұрынғыдай емес. Әлі де кемшін тартып жұрген тұстары бар. Бұл жерде қаперде ұстайтын тағы бір нәрсе. Мысалы, «Мен қазақпын» бағдарламасын бұрын-соңды болмаған сәтті жоба деп қабылдар болсақ та, ол жерде конкурсқа қатысуға тек жастар жағы ғана талаптанып көре алады. Ал, мұндай жағдайда қазақтың мүйізі қарағайдай, атақты орындаушылары мен күйшілері тыс қалып жатқаны белгілі. Өйткені олар өздерінен бірнеше жас кіші қыз-жігіттермен бәсекеге түсе алмайды. Білесіз бе, мемлекетік арналар олардың да өнерін насихаттар болса, мүмкіндіктер жасаса, бұл марғасқалардың қалың жұртшылыққа берері көп еді. Меніңше, осы тұрғыдан қарағанда, үлкен аға-әпкелерімізге, майталман өнерпаздарымызға да бір жерден төр беру керек.

- Иә, өзіңіз айтқандай, соңғы кезде эстраданың кең етек жаюуына байланысты ұлттық өнеріміздің дамуына алаңдаушылар көп. Бүгінгі ұрпақ дәстүрлі өнерден алыстап кетті ме, әлде өнерпаздардың өзі көштен кешеуілдеп қалды ма?

- Бұл жерде енді «заман түлкі болса, тазы боп шал» деген әңгіме ғой. Мүмкін белгілі бір дәрежеде ұлттық өнерді насихаттап жүрген бізді сөгуге болатын шығар. Бірақ, меніңше, дәл сол өнерпаздар қазақтың дәстүрлі өнерін саф, таза күйінде сақтап, бұл қастерлі аманатты келесі ұрпаққа жеткізуге тырысып-ақ жүр. Ал, егер өнерпаз ақша табу мен танымал болуды ғана ойласа, онда өнер екінші орында қалып қоймақ. Домбырамен эстрадаға шығып, киелі үнді батыстық үлгілермен будандастырып жатқандар да жоқ емес. Бұдан домбыраның өз үнінің деформацияға ұшырап, өзгеріп жатқанын ғана көріп жүрміз. Бір кем дүние.

- Жақсы мәселе көтердіңіз. Заманға сай икемделудің де жөн-жосығы бары анық. Асыра сілтеудің аяғы күй өнерінің табиғатын бұзып жіберіп жатқан жоқ па?

- Әрине. Эстрадалық бағыт дами берсін. Оған қарсылығым жоқ. Жаңа дәуірмен бірге небір жаңалықтар болып, әртүрлі стильдер де еніп жатыр. Одан да құр қалуға болмайтын шығар. Сол жаңа үлгілердің біздің табиғатымызға жақын тұстарын алып, өзгеше дүние жасауға тырысқан абзал. Мысалы, нағыз ұлттық құндылықтарын қастерлейтін Жапония, Корея секілді елдер қарапайым ғана аспаптық музыкасын, яғни төл әуендерін аспандатып, ғасырлар бойы қадір-қасиетін түсірмей, бағалап келеді. Оның жанында біздің күйлер мен олардың музыкасының арасы жер мен көктей. Салыстырмалы түрде біздің күйлер симфония секілді естіледі. Бірақ сол ортақол құндылақтарының өзін олар ұлықтап, Ұлттық өнер театрына дейін ашып қойған. Шет елдерден келген қонақтарға алдымен өзінің дәстүрлі өнерін тыңдатып, тамашалауына жағдай жасайды. Сөйтіп үлкен насихат жұмыстарын жүргізеді. Сіз оны тыңдай тұра, көре тұра ұнатпасаңыз да, олар өздерінің негізгі ұлттық міндеттерін, перзінттік парыздарын бұлжытпай орындап отыр. Осылайша, жапон екендерін, қадым замандардан бері сақталған дәстүрінің әлі де қаз-қалпы сақталғанын, оның ел ішінде кең ауқымда насихатталып жатқанын байқатады. Сәулетті өнер құтханаларын салып, өнерпаздардың жағдайын көтеріп, барлық сұраныстарын өтеп отыр. Қанша қаржы жұмсалғаны маңызды емес, маңыздысы – ұлттық рух, ұлттық келбет.

Бізде де жаңалықтар жоқ емес. Мысалы, былтыр ғана Алматыда «Алатау» Ұлттық дәстүрлі өнер театры ашылды. Бұл да бір көптен күткен қуаныш. Бір жасап қалғанымыз рас. Игі істердің бастамасы ғана шығар деп үміттеніміз. Астанадан бастап Қазақстанның барлық аймақтарында сол секілді ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі дәстүрлі өнер орталықтарын ашқан дұрыс па деп ойлаймын. Оларға көп жерден шет қап қойып жүрген мықты таланттар тартылып, ұлттық өнерді қазақ жұртшылығына ғана танытып қоймай, бүкіл әлемге паш етудің жолын табуымыз керек. Бәлкім, белгілі менеджерлер тартылып жаңа дүниелер жасалуы керек шығар. Осы мәселелер назарға алынса құба-құп.

- Шет елдердегі гострольдік сапарларға жиі шығасыз. Өзге жұрттың өкілдері қазақ өнерін қалай қабылдайды? Көңілден кетпес әсерлі кештер мен қызықты сәттер есіңізде ме?

- Ең қызығын айтайын сізге. Мен Алматыда филармонияның солисі ретінде жылына кемінде 4-5 концерт берем. Жеке концерттен бөлек, бір жылда елу шақты кеште өнер көрсетемін. Бірақ оны аса ешкім елеп жатқан жоқ. Енді қараңыз. Біз шетелге де шығамыз. Ондағы тыңдармандардың қазақ табиғатын түсінбесе де, тілін түсінбесе де, дәстүрлі әндерге, күйлерге қатты таңданып, бірнеше уақыт шапалақ ұрып тұрып алатын кездері болған. Ондай жәйттерді бізбен бірге жүрген министрлер, басшылар талай мәрте көрді. Мұхтар Құл-Мұхаммед, Дархан Мыңбай, Арыстанбек Мұхамедиұлы сынды министрлеріміздің бәрі де куә. Ермұхамет Ертісбаевтың кезінде де шықтық. Сол уақыттардан бері мен шетелдің көптеген сахналарында өнер көрсеттім. Мен орындаған қай-қай жерде де бір күйді тағы қайталай орындауымды сұрап жатады жұрт. Қазақша айтқанда «Жұп болсын!», орысша айтқанда «На бис!» деп өтініш қылады. Сосын орындарынан қозғалмай қошемет жаудырып жатады. Артынан келіп, журналистері интервью алып, халық суретке түсуге ұмтылып, домбыраны ұстап көруге тырысып, мәре-сәре боп қаламыз.

- Жаңа бастама «Рухани жаңғырудың» бір ұстыны ғой. Бұдан бөлек еліміздің әр тарабында күйшілік өнерді дәріптейтін кештер мен кездесулер өткізіліп, кешегі өткен ұлылардың, бүгінгі таланттардың есімдері мен шығармашылығы елеп-ескеріліп жатыр. Шанағына шежіре тұнған домбыра да, сазында тарих сөйлеп, рух тірілер күй де – қазақтың жаны. Осынау жаңа кезең – бекзада өнердің қанатын кеңге жайып, қайта оянар кезі деуге келе ме?

- Әрине, ұлттық өнердің қайта жаңғыруы деп айтуға да болатын шығар. Түлеу деген құбылыстың өзі араға уақыт сап циклді, қайталанып келетін нәрсе ғой. Мысалы, төл өнеріміз 90 жылдарға дейін өзінің бір дәуренін өткерді, әріректегі 19 ғасырда болсын, 20 ғасырдың 30-шы жылдары болсын. Әр кезде өзінің бір түлеп, қайта қарыштап жататын шағы болады. Ал, дәл қазір толыққанды өзгеріс кезеңі деп айта алмаспыз. Дегенмен бұл сол бір айтулы кезеңнің басы шығар деп бағамдауға болады. Ол үшін әлі де ауқымды жұмыстар атқару қажет.

- 13 жаста киелі сахнаға қадам басып, 27 жаста Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болдыңыз. Бүгінде А.Жұбанов атындағы республикалық музыка мектеп-интернатында да ұстаздық етеді екенсіз. Өзіңіз іштен көріп, бағамдап жүрген шығарсыз. Жалпы, домбыраға әуес жастардың әлеуеті қаншалық?

- Құдайға шүкір, қазір ұлттық музыкаға, оның ішінде күй өнеріне, домбыра тартуға қызығушылық танытып, талаптанып жүрген жас өте көп. Жылда өнер мектебіне қабылдануға келетін балалар саны азаяр емес. Кейде орын да жетпей қалып жатады. Мұндай үрдіс Республиканың әр аймағында да болып жатыр деуге толық негіз бар. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, оларға насихат, қолдау жұмыстары ауадай қажет. Теледидарға шығарсақ, әлеуметтік желілерде танытсақ, т.б. маңызды шаралар атқарылса. Әрине, оған бола «елім, ұлтым, дәстүрім» деген дарынды қыз-жігіттер де, олардың ата-аналары да кері шегініп, алған беттерінен қайта қоймас. Дегенмен реті келгенде, осындай мәселені қозғаған абзал шығар.

- Рахмет!

Әңгімелескен: Ұлт порталы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар